Қазақстанда қайта вакцинациялау бола ма: Вице-министр айтты

0
422

Қазір әлемде ревакцинацияға жүгінген елдер бар.


Қазақстанда қайта вакцинациялау бола ма: Вице-министр айтты

ERNUR.KZ. ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов қайта вакцина салу туралы пікір білдірді. Сөзінше, вакцинадан кейінгі антидене 2 жылға дейін сақталады, деп жазады Stan.kz.

“Мемлекет басшысы да аралық вакциналауға, яғни қайталап вакциналауға қажет көлем дайындауды тапсырған болатын. Біз вакцинаны дайындаған тараптардың бәрімен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Вакцинаны әзірлегендерге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ревакцинация бойынша вакцинаның түрі мен типіне байланысты нақты ұстанымдарын сұрап, тиісті сауалдар жолдадық. Қазір әлемде ревакцинацияға жүгінген елдер бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мәселеде бірыңғай талап немесе тәсіл жоқ. Дамыған елдердің бір қатары былтыр қараша айында вакцинаны бастап кеткен еді. Олар вакцинация циклінде 10 айдан астам уақыт жүр. Осы уақыт ішінде ұжымдық иммунитет түскендіктен ревакцинация мәселесі өзекті болып тұр", – дейді министр орынбасары.

Оның айтуынша, еліміздегі вакциналаудың ең қарқынды кезеңі мамыр мен тамыз айларына келген.

“Біздің жағдайымызда вакцинация ақпан айында басталды. Вакцина алғандардың негізгі бөлігі мамырдың соңы мен тамыз айында екпе қабылдады. Осы кезеңде 4,5-5 млн адам вакцина алған. Біздің ұжымдық иммунитетіміз, вакцинаның иммунитеті әзірге тұрақты. Оған қазір елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастағаны дәлел", – деп қосты Шоранов.

Бұған қоса, вице-министр вакцинадан кейінгі антидене қанша уақытқа сақталатыны жайлы пікір білдірді.

"Естеріңізде болса, вакцинация басталған кезде өндірушілерден түрлі ақпараттар түскен еді. Яғни вакцинаның иммунитеті оның түрі мен типіне қарай 1 жылдан 2 жылға дейін сақталатыны айтылған болатын. Бұл ақпарат ресми жарияланған еді. Вакцинация басталған кезде вакцинаның иммунитеті, ұжымдық иммунитет қанша уақытқа созылатынын болжау қиын болғанын ескеріп, қазір осы мәселені жұмыс тобында қарастырып жатырмыз. Қайта вакцина алуға ниеттілер бар екенін білеміз", – деді министрлік өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация қашан басталатыны жайлы айтылған еді.