Қазақстанда мал ұрлығы 2 есе азайды

0
1 786

Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ҚР АШМ мен ҚР ІІМ бірлескен меморандум қабылданған.


Қазақстанда мал ұрлығы 2 есе азайды

Соңғы 5 жылда еліміздің барлық өңірінде мал ұрлығының төмендеуі байқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сілтеме жасап.

Егер 2015 жылы 8 мың қылмыс болса, 2016 жылы – 7,3 мың (- 8%), 2017 жылы – 6,4 мың (- 13%), 2018 жылы – 5,6 мың (- 12,4%), 2019 жылы – 4,7 мың (- 15,2%) факті тіркелген. Осылайша, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін мал ұрлығының саны 40%-ға төмендеді. Биыл пандемияға байланысты енгізілген карантинның нәтижесінде мал ұрлығы тағы екі есеге азайды.

Десек те, бұл мәселе әлі де өзектігін жоймады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлығымен күресті күшейтуге ерекше назар аударды.

Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ҚР АШМ мен ҚР ІІМ бірлескен меморандум қабылданды. Құжатқа сәйкес ведомствоаралық арнайы топ құрылып, заң шығару саласында бірлескен жұмыс атқарылды, техникалық және ақпараттық қолдау жолға қойылды, ветеринариялық талаптарды, малды сәйкестендіру тәртібін және ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау қағидаларын түсіндіру бойынша және т.б. іс-шаралар жүргізілуде.

Шаруа қожалық басшылары және тұрғындармен мал басын сәйкестендіру (биркалау, электрондық чиптер, GPS-бақылау және т.б.), мал жаю мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сондай-ақ, сауда орындарының, мал базарларының қызметі нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес тексерілуде.

Мал ұрлығының алдын алудың пәрменді шарасының бірі - ол Қазақстанда міндетті болып табылатын ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары.

Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасы – әр жануарға бақылау жүргізуге және ауруларға қарсы ветеринариялық екпелерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, малды тіркеу жүйесі ұрланған ауылшаруашылық жануарларын жаппай сатуды қиындатады.

Бүгінде облыс әкімдіктерінің ветеринария басқармаларының есептері бойынша республика көлемінде барлық мал басы сәйкестендірілген.

Анықтама: 2020 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстанда:

8 199 327 бас ІҚМ;

21 906 792 бас ұсақ мал;

3 090 804 бас жылқы;

229 036 бас түйе;

745 662 бас шошқа бар.

Мал ұрлығына қарсы тиімді шараның тағы бірі - ол ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің республиканың барлық өңірлерінде "ішкі ветеринариялық бақылау" бекеттерін орнату бастамасы болды. Олар мал мен ет өнімдерін ілеспе құжаттарсыз тасымалдайтын көліктерді белсенді түрде анықтауда.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 158 бұйрығымен мемлекеттік шекара бойында агроөнеркәсіптік кешен өніміне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан-Ресей учаскесінде - 28, Қазақстан-Қырғыз учаскесінде - 4 ветеринариялық-бақылау пункті орнатылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылы ведомстволар бірқатар жаңа, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шаралар қабылданды.

Мәселен, Қылмыстық Кодекске 188-1 "мал ұрлығы" бабы енгізілді. Аталмыш бабқа сәйкес мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұл ретте мал ұрлығы (адамдар тобымен, ірі мөлшерде, үй-жайға бірнеше рет түсу және т.б.) ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылды, бұл тараптардың татуласуы арқылы жауапкершіліктен қашу мүмкіндігін жоққа шығарады.

Ұрлықтың басым бөлігі малды еркін жаю кезінде болғандықтан, ҚР АШМ-нің 29 сәуірдегі №145 бұйрығымен ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидалары бекітіліп, жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Өз кезегінде қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстың 408-бабы).

ІІМ ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаны бекітті, өңірлерде үлгілік жоспар бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды.