Қазақстанда мемқызметке орналасудың жаңа тәсілдері енгізіледі

0
2 406

Кәсіби дайындықтың тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін агенттік жанындағы үйлестіру кеңесі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беретін ұйымдар тізімін анықтайды.


Қазақстанда мемқызметке орналасудың жаңа тәсілдері енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«2020 жылы алғаш рет «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне арналған арнайы қайта даярлау курстары енгізілді. Бағдарламаның мақсаты – жаңа сын-қатер жағдайында тиімді басқару бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру болды. Аталған бағдарламалар бойынша 49 мемлекеттік қызметші, және Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері оқытылды», - деді А. Жайылғанова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алқа отырысында.
Кәсіби дайындықтың тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін агенттік жанындағы үйлестіру кеңесі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беретін ұйымдар тізімін анықтайды.
Сонымен бірге, 2020 жылы мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құнын есептеудің бірыңғай әдістемесі бекітілді.
«Агенттік алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметті бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз ету. Өткен жылдың желтоқсанында Президент мемлекеттік қызметке тұру рәсімдерін жетілдіру тәсілдерімен танысты және қолдау көрсетті. Аталған тәсілдерді пилоттық режимде 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгенше сынақтан өткізу жоспарланған», - дейді Анар Жайылғанова.
Спикердің айтуынша, бұл тәсілдер мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі мен факторлық-балдық шкаланы синхрондауды көздеп отыр. Мұнда іріктеу құралдарының мазмұны қайта қаралған және процестің үш кезеңі сақталды: тестілеу, құзыреттерді бағалау және сұхбаттасу.