Қазақстанда неке қиюды тіркеу мерзімі 3 күнге қысқарады

0
1 355

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы жылдың көктемінен бастап небәрі үш күнде некелесуге болатынын айтты


Қазақстанда неке қиюды тіркеу мерзімі 3 күнге қысқарады

ERNUR.KZ. Қазақстанда неке қиюды тіркеу рәсімі қысқарады. Бұл туралы 2019 жылғы үкіметтің алғашқы отырысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп жазады sputniknews.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 43 заң мен он кодекске 500 түзету енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледі. Абаевтың айтуынша, құжат үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның ұсынысы аясында 121 мемлекеттік қызмет түрін оңтайландыру үшін қажетті түзетулерден құралған.

"Неке қиюды тіркеу қызметін оңтайландыру арқылы оның мерзімін бір айдан үш жұмыс күніне дейін қысқартуға болады. Сондай-ақ, өтініш жазған күннен бастап екі ай неке қиюды тіркеу күнін таңдауға мүмкіндік беріледі", — деді Абаев.

Түзетулер салық төлеушілердің артық төлеген сомасын автоматты түрде қайтаруды қарастырады. Бұдан өзге мемлекеттік қызметті бір ғана нормативтік акті — ережелер бойынша көрсетуді көздейді.

"Өзгерістер осы жылы енгізілетін болады. Көктемде деген ойдамын", — деп жауап берді Дәурен Абаев үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың сұрағына.

Бүгінде 741 мемлекеттік қызмет түрі бар. Абаев баяндамасында олардың ішінде 454-і немесе 61%-і электронды түрде қолжетімді екенін айтты. Сондай-ақ, ол автоматтандыру жұмыстарын толыққанды жүргізу үшін халықтың цифрлық сауаттылығын көтерудің маңызды екеніне тоқталды.

"Өткен жылы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы он миллионнан астам мекенжай анықтамасы берілді. Алайда оларды электронды үкімет порталынан электронды-цифрлық қолтаңбасыз, бір реттік құпия сөздің немесе смартфондағы телеграм-бот арқылы алуға болады", — деді ақпарат және коммуникациялар министрі.

Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда қазақстандықтардың 64%-інің интернетке смартфон арқылы кіретінін және М-Gov электронды үкімет қосымшасын дамыту осы саладағы басты бағыт екеніне назар аударды.

Үкімет басшысы ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жақсы жұмыс істегенімен, халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбей отырғанын айтып өтті. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің 90%-ін электронды форматқа көшіруді тапсырған болатын.