Қазақстанда «Отбасы» банкі мен тұрғын үй саясаты реформаланады

0
553

Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын әзірлегенін атап өтті.


Қазақстанда «Отбасы» банкі мен тұрғын үй саясаты реформаланады

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Отбасы банкін» реформалау жоспарлары мен қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа қағидаттары туралы айтты, деп жазады zakon.kz.

Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын әзірлегенін атап өтті. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында — Отбасы банкін Ұлттық даму институтына трансформациялау және аталған институт базасында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барлығын орталықтан есепке алуды жүзеге асыра алатын «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру.

Жаңа модель халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және азаматтардың барлық санаттары бойынша тұрғын үйлерді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында.

Қазақстандықтардан келіп түскен шағымдар мен қалаларда болған жағдайларға байланысты министрлік елді-мекендердегі құрылыс мәселесінде мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейтін заңнамаға түзетулер әзірледі.

Атап айтқанда, аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында құрылыстың барлық кезеңінде (қазаншұңқыр қазудан бастап абаттандыруға дейін) қала құрылысы сараптамасын және объектілерді жоспарлы бақылауды енгізу, сонымен қатар МСҚБ-ның объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы және пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру ұсынылады, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Заң жобасы қазір мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен талқылау сатысында.

ИИДМ басшысы Әлихан Смайыловты Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасын іске асыру жөнінде хабардар етті. Бүгінде бағдарлама әкімшісі – Отбасы банк 25 мыңнан астам өтінім қабылдады. Оның ішінде 6 мыңға жуығы мақұлданды (4986 – көпбалалы отбасылар, 829 – мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, 523 – І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, 49 – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар).

Сонымен қатар отырыс барысында Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй саясатын жүзеге асырудағы жалпы жағдайды суреттейтін ақпаратты бөлісті. Оның мәлімдеуінше, 2022 жылы Қазақстанда 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарланған, оның 90 мыңнан астамы – көпқабатты үйлердегі пәтерлер, ал 47 мыңы – жеке тұрғын үйлер. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 103,4% (4,7 млн шаршы метр) орындалды.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен әлеуметтік тұрғыда осал топтардан кезекте тұрған 4 мың адам және жұмыс істейтін жастар арасынан 3 мың адам қамтамасыз етілуге тиіс. Өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы сатылатын кредиттік тұрғын үйде 10 мыңға жуық пәтер салынып жатыр.

Бұдан бөлек «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен 5 мыңнан астам кезекте тұрғандар азаматтарды және жеке тұрғын үй қорынан үй-жайды жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерімен 70 мыңға жуық кезекте тұрғандарды қамтуды жоспарлап отырмыз, – деп қорытындылады министр.