Қазақстанда рейс кестесін бұзған әуе компанияларына жаза қолданылады

0
953

Сондай-ақ авиакомпания кешіккен рейс үшін жолаушыларға бірнеше қызмет көрсетуге міндетті.


Қазақстанда рейс кестесін бұзған әуе компанияларына жаза қолданылады

ERNUR.KZ. Қазақстанда тасымалдаушының кінәсінен рейстерді кешіктіргені үшін авиакомпаниялардың жазасын қатаңдату жоспарланып отыр, деп жазады Azattyq Ruhy.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, рейсі кешіккен әр сағат үшін тасымалдаушы билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді.

«Рейстер кешіктірілген кезде жолаушылардың құқықтарын қорғау мақсатында авиакомпаниялар айыппұл төлемеген кезде әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылуда», - деп түсіндірді комитеттен.

Ведомствода рейстердің кешігуінің негізгі себептері техникалық ақау, күрделі ауа райы жағдайы, әуе кемесінің кеш келуі екенін атап өтті. Бұл ретте 2021 жылы Қазақстанда ұшу тұрақтылығы 81% құрады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 36%-ға артық.

Сонымен қатар авиакомпанияның кінәсінен рейстер кешіктірілген немесе тоқтатылған кезде тасымалдаушы бірнеше қызмет көрсетуге міндетті. Оларды орындамағаны үшін айыппұл салынады.

«ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес әуе рейсінің кешігуі кезіндегі авиакомпанияның міндеттемелері:

- рейсті екі сағаттан артық күткен кезде салқындатылған сусындарды беру;
- төрт сағаттан артық және одан әрі әрбір алты сағат (күндіз)/сегіз сағат (түнде)сайын күткен кезде ыстық тамақ;
- рейсті сегіз сағаттан (күндіз)/алты сағаттан (түнде)артық күткен кезде қонақ үйге орналастыру;
- әуежайдан қонақүйге және кері тасымалдау.

Тасымалдаушының кінәсінен 10 сағаттан астам мерзімге күші жойылған немесе кідіртілген кезде авиакомпания:

- жолаушыны билетте көрсетілген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
- жолаушыға билеттің толық құнын қайтаруға міндетті.