Қазақстанда романтика үшін палаткада шырағдан жағуға тыйым салынады

0
493

Құтқарушылардың айтуынша, 1 тікұшақтың тек 1 сағат ұшуы бюджетке кем дегенде 750 мың теңгеге түседі. Ал жабайы туристер бюджетке сонша табыс әкелмейді.


Қазақстанда романтика үшін палаткада шырағдан жағуға тыйым салынады

ERNUR.KZ. Трагедияларға байланысты "Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі" өзгертіліп, табиғи парктер мен қорықтардағы "қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық" енгізілгелі жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Турфирмалардың қызметін принципті түрде пайдаланбайтын, әр нәрседен ақша үнемдейтін, арқасына көне рюкзагын іліп, өз бетінше тау-тас кезіп кететін бэкпекерлердің, жабайы туристердің Қазақстанға үлкен зиян келтіретінін біз бұған дейін жазғанбыз. Оларды іздеуге құтқарушылардың, апаттар медицинасы орталығының үлкен күші тартылады.

Бірнеше күн бойы тікұшақтар ұшырылады. Құтқарушылардың айтуынша, 1 тікұшақтың тек 1 сағат ұшуы бюджетке кем дегенде 750 мың теңгеге түседі. Ал жабайы туристер бюджетке сонша табыс әкелмейтіні мәлім. Олардан тіпті АҚШ-тағыдай өздерін іздеуге жұмсалған шығынды өтеу елімізде қарастырылмаған.

Сорақысы сол, Ұлы даланың әр бұрышын кезіп, қарлы шыңдарын бағындырғысы келетіндердің көпшілігі алдын ала Республикалық жедел-құтқару жасағында тіркелмейді. Салдарынан, құтқарушылар саяхатшылардың маршрутынан бейхабар болып, оларды іздеуге көп уақыт, қаншама ресурс пен ел қаржысы шығындалады.

Демек салада бір өзгеріс жасаудың қажеттілігі бұрыннан пісіп жетілген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осыдан 11 жыл бұрын, 2010 жылғы 1 қыркүйекте қабылданған №555 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа бұйрықтың жобасын әзірледі. Айтпақшы, одан бері көп нәрсе өзгерді, мысалы, ол кезде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап беретін. Енді экология министрлігінің қарауында. Ведомство мұның Үкімет тапсырмасы екенін айтады.

"Бұл ретте Шарын және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде болған төтенше жағдайлар ескеріліп отыр. Вице-премьер Роман Склярдың 2021 жылғы 8 маусымдағы тапсырмасы бар. Осыған орай ЕҚТА-да туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл аумақтарда туристердің қауіпсіз жүруі жөніндегі талаптар белгіленетін болады", – деп түсініктеме берді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

"Затыңыз жоғалса, әкімшілік жауап бермейді" Жаңа бұйрық пен ондағы нұсқаулық қабылданған соң жабайы туристердің міндеттемесі енгізіледі.

Біріншіден, ЕҚТА-ға барушылар ондағы белгіленген режимді және талаптарды қатаң сақтауға міндетті болады. Егер отандық не шетелдік турист қоршаған ортаға, табиғи ресурстарға зиян келтірсе, Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Әйтпесе, айталық, Бурабайдағы "Жұмбақтасқа" қайықпен әдейі жүзіп барып, "Здесь был Вася" деп жазып кететін, болмаса, Таңбалы тас (Тамғалы тас) петроглифтер кешенін қасақана бұзушылар еш жаза тартпайды.

Екіншіден, қарапайым тілмен айтқанда, "өз обалың өзіңе" қағидасы іске қосылады. Егер парк-қорықты аралау кезінде азамат жазым болса, не жарақат алса, ол үшін парк қызметкерлерін ешкім сотқа беріп, өтемақы талап ете алмайды. "ЕҚТА-ға келушілер осы нұсқаулықты бұзу нәтижесінде өз өмірі мен денсаулығына зиян келтірсе, онда сонымен байланысты барлық салдар мен тәуекелдер үшін өздеріне жауапкершілік алады және осыған байланысты мүлікке, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянға, моральдық зиянға және басқа залалдарға өтемақы талап ету жөнінде претензия жасай алмайды", – делінген жаңа нұсқаулық жобасында.

Айта кетелік, бұған дейін мұндай нұсқаулық болған жоқ. Құжаттың тағы бір елең еткізетін тұсы бар.

"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың әкімшілігі еңсерілмейтін күш (форс-мажор) жағдайында, оның ішінде табиғи дүлей зілзалалар (жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, өзгесі), қоғамдық тәртіпсіздіктер, әскери іс-қимылдар, ереуілдер, меморгандардың шешімдері, авариялық жағдайлар (электр энергиясын өшіру, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары және басқа да осыған ұқсас шұғыл жұмыстар) салдарынан міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ қараусыз қалдырылған заттар немесе құжаттар үшін жауапты болмайды".

Үшіншіден, жолға шығар алдында туристер "маршруттен өту шарттарымен танысуы" керек. Бағыттың ерекшеліктеріне қарай қажетті байланыс және навигация құралдарын (карта, навигатор, спутниктік байланыс, рация), жеке заттарды, алғашқы медкөмек көрсету заттарын дайындауға және олардың ақаусыз екенін тексеруге тиіс. Әйтпесе, тау-тас, байтақ далада адасқандардың қарапайым аптечкасы болмай, құтқарушылар келгенше, көп қан жоғалтатын жағдайы ұшырасады. Нұсқаулық тіпті қансорғыш жәндіктер, сары маса қаптайтын кезеңде "репелент", "накомарник", масаға қарсы спрей және басқа да қорғаныш заттарын ала жүруді жүктейді.

Нұсқаулық неге тыйым салады?

Төртіншіден, құтқару-авариялық қызметтердің және ерекше қорғалатын табиғи аумақ әкімшілігінің телефон нөмірлерін білуі қажет.

Бесіншіден, бұйрық жобасы ЕҚТА саласындағы уәкілетті органға, яғни экология министрлігіне, байланыс операторларына және жергілікті әкімдіктерге төтенше жағдайлар кезінде келушілер құтқарушыларға қоңырау шала алуы үшін "байланыстың барынша кеңейтілген қамту аймағын және интернет пен ұялы байланыстың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету" жүктелмек. Бұл талаптың қалай орындалатыны белгісіз. Тіпті дамыған елдерде де тау-тас арасында, құла-түзде ұялы байланыс пен интернет "ауламайды". Қазақстанда тіпті көптеген ауылдың ортасында ғаламторға шыға алмайсыз.

Алтыншыдан және ең бастысы, келушілер "маршрутпен аттанудың және қайтып оралудың болжамды уақыты туралы жақын елді мекендегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қызметкерлерін хабардар етуге" міндеттеледі. Бұл үшін сапар алдында ақпараттық парақты толтыру, онда байланыс деректерін жазу шарт. Ал егер саяхатшы "өмір сүруге қатері жоғары туризмнің белсенді түрлерімен айналысуды", айталық, шыңға өрмелеуді, таудан төмен шаңғымен сырғанауды жоспарласа, онда өз бағыты туралы Төтенше жағдай министрлігінің аумақтық органына да хабарлауы қажет. Нұсқаулықта гидсіз, өз бетінше серуендейтіндерге компаспен, карта-схемамен, навигатормен, треккингтік құрылғымен, байланыс құралдарымен, су өткізбейтін қаптамаға салынған сіріңкемен, іш киімнің қосалқы жиынтығымен, өнімдердің запастық қорымен, медициналық қобдишамен жарақтануға кеңес беріледі. Егер топта бала болса, оны қараусыз қалдыруға тыйым салынады.

Табиғи парктер мен қорықтарда арнайы жабдықталған орындарда ғана от жағуға рұқсат етілетіні, темекі тұқылдарын, жанып жатқан сіріңкені тастауға, отты қараусыз не сөндірмей қалдыруға тыйым салынатыны баршаға белгілі. Енді бұған палатка-шатыр ішін жарықтандыру не басқа да мақсатта шырағдан-шырақ (свеча), ашық оты бар өзге жарықтандыру құралдарын пайдалануға тыйым салу қосылады.

Әйтпесе, Instagram-да романтикалық көңіл-күй тудыру үшін табиғат аясында шырақ жаққан көріністер бейнеленген суреттерді табуға болады. Қорғалатын табиғи аумақтарға сапар алдында дәл сол жердегі ауа райы болжамымен танысып алу ұсынылады. Аяз қысқанда, дауылда, қалың тұманда, қалың қар жауғанда, айналаның көрінуі 500 метрден кемігенде маршрутке шығуға рұқсат етілмейді. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың әкімшілігі ауа-райының ықтимал нашарлауын алдын ала білуі және жағдай жақсарғанға дейін маршрутқа шығуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауы қажет".

Еске сала кетсек, 2021 жылғы мамыр айының соңында Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 7 жас турист – студенттер жоғалып кеткен болатын. Іздеу нәтижесінде 29 мамыр және 22 маусым аралығында 4 адамның мүрдесі табылды. Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, олар суға батып кеткен көрінеді.

Бұдан бөлек, биылғы 29 мамырда Шарын шатқалында экскурсия кезінде тосыннан лайлы сел жүріп, салдарынан алты адам зардап шекті, екі адам – оқушы қыз бен мұғалім опат болды. Жаңа нұсқаулық қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермесе жөн.