Қазақстанда сенімді туристік компаниялардың тізімі жасалды

0
1 703


Қазақстанда сенімді туристік компаниялардың тізімі жасалды

фото: newtimes.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда сенімді туристік компаниялардың тізімі жасалды. Аталмыш тізімді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының баспасөз қызметі жария етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры қазақстандықтардың шетелде қауіпсіз демалуын қамтамасыз етуге қамқорлық жасайды. Сол себептен де шетелге барып демалу үшін жолдамаларды сенімді туроператорлардан, яғни азаматтардың құқықтарына кепілдік беретін ұжымдардан сатып алуға кеңес береді.

Шетелге шықпас бұрын алдымен өзіңіз тоқтайтын қонақүй бронын, елге кері қайту билеті мен ТУРКОД-ты тексеріп алғаныңыз абзал.

ТУРКОД деген не? Туристік код 11-13 (шығатын елге қатысты) қаріптік-сандық символдардан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде Қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлайды және шұғыл түрде 24 сағаттың ішінде көмек күтеді.

Туркод жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және Сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз. Келеңсіз жағдайға тап бола қалған жағдайда, ТУРКОД Сіздің ең жақын уақыттағы рейспен елге аман-есен оралуыңыздың кепілі болады.

«Туристік Қамқор» корпоративтік қорына әзірше 56 туроператор мүшелікке енген. Олар саяхатшылардың қауіпсіздігіне толық кепілдік береді. Олардың толық тізімін мына сілтемеден білуге болады.

Қазақстанда 2016 жылдың аяғында заңнамалық деңгейде Қазақстан Республикасындағы шетелге шығу туризмі аясында азаматтардың құқықтарына кепілдік беретін «Туристік Қамқор» жүйесі енгізілді. «Туристік Қамқор» Қоры 2016 жылдың 7 қарашасынан бастап жұмыс істейді. Қордың бүкіл жұмыс істеген уақытында 460 мыңнан астам қазақстандықтарға туркод берілді.