Күдікті жарнамалық шоу-презентацияларды өткізу кезінде ұсталды.
ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Hit beat music» деп аталатын қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ведомство мәліметінше, күдікті жарнамалық шоу-презентацияларды өткізу кезінде ұсталды.
«Hit beat music» (HBM Group) инвестициялар саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде жасырынып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асыратыны анықталды. Компания аңғал азаматтарға тұрақты сыйақы алуға кепілдік беретін канадалық музыкалық инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынған», - деп атап өтті ҚМА өкілдері.
Сонымен қатар «Hit beat music» (HBM Group) Қазақстан аумағында заңды тұлға, өкілдік және филиал ретінде тіркелмеген, сондай-ақ ашық банктік шоты жоқ.
«Салымшылардың жарналары кіріс кассалық ордерлерін ресімдемей қолма-қол нысанда жүргізіледі. Тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны 2300-ден асады. Қазіргі уақытта «Hit beat music» ұйымдастырушысына қатысты 2 айға дейінгі мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - делінген хабарламада.
ҚМА мен прокуратура органдары азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.
«Егер сіз және сіздің жақындарыңыз «Hit beat music» қызметіне тап болса, ҚМА call - орталығына хабарласуыңызды сұраймыз. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - деп ескертті ведомство өкілдері.