Қазақстанда темір жолдарға иелік ететін 25 компания мемлекет меншігіне өтеді

0
528

Бұл мәселе премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысында талқыланды.


Қазақстанда темір жолдарға иелік ететін 25 компания мемлекет меншігіне өтеді

ERNUR.KZ. Қазақстандағы темір жолдарға иелік ететін 25 компания мемлекет меншігіне өтеді, деп жазады stan.kz.

Бұл мәселе премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысында талқыланды.

Бұған дейін жауапты мемлекеттік органдарға салалық нысандар мен ұйымдарды жекешелендірудің негізділігін, оның ішінде жеке операторларды құру бөлігінде талдау жасау тапсырылған болатын.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша бірқатар байланыс, инфрақұрылым және өндірістік кәсіпорындарды мемлекет меншігіне беру ұсынылды.

Бүгінгі күні бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің акциялары мен қатысу үлестері республикалық меншікке қабылданды. Атап айтқанда, ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 400-ден астам кірме теміржол желісі "Көлікке қызмет көрсету орталығы" АҚ меншігіне қабылданды.

Сондай-ақ, үкіметтің мәліметінше, ұзындығы 178 шақырымды құрайтын 138 кірме теміржол желісін иеленетін тағы 25 компанияны мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл компаниялардың мемлекет меншігінде болуы теміржол инфрақұрылымы саласындағы делдалдарды жойып, осы қызметтерге бизнес шығындарын азайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар, комиссия отырысында халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін 205 нысанды (жылу, электр, су және басқа да коммуналдық қызметтер) жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығару мәселесі талқыланды.

Комиссия отырысында жанар-жағармай нарығын, газ саласын және өңірлік электр желілері компанияларын монополиясыздандыру шаралары қаралды.

Премьер-министр осы бағыттар бойынша жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауды тапсырды.