Қалыпты жағдайда дағдарыс кезеңінде тауарлар арзандайды.
ERNUR.KZ. «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға 1 триллион теңге бөлінген, ол қаражат игерілмейінше бағдарлама тоқтатылмайды, деп жазады 24.kz.
«Баспана хит» бағдарламасы жыл соңына дейін тоқтауы мүмкін. Оған белгіленген лимит өз шегіне таяп қалғаны себеп. «7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінде шамамен 325 миллиард теңге қарыз берілген. Бұл 27 мыңнан астам қазақстандыққа баспана сатып алуға сеп болды. Бірақ бағдарламаға белгіленген шекті сома 1 триллион теңге. Сондықтан бұл қаражат толық игерілмейінше бағдарлама жұмысы тоқтатылмайды.
«Қазақстанның орнықтылық қорының» хабарлауынша, бұл қаржыны игеру 2022 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал «Баспана хитке» 600 миллиард теңге бекітілген. Екінші деңгейлі банктер болжамы бойынша бұл сома биыл толық игеріледі. Қордың мәліметінше, қазір екінші деңгейлі банктер «Баспана хит» бағдарламасына ұқсас несие талаптарын әзірледі.
«Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандырудың қажеті жоқ» делінген хабарламада. Мемлекеттік бағдарламар тоқтағаннан кейін тұрғын үйлер 20%-ке арзандайды.
Экономист Арман Бейсенбин осындай пікірде. «Егер бұл бағдарламалардың баламасы пайда болмаса, баспана нарығын оң өзгерістер күтіп тұр», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, тұрғын үй бағасының дағдарысқа қарамастан өсуі дұрыс емес. Қалыпты жағдайда дағдарыс кезеңінде тауарлар арзандайды. Сонымен қатар 2015 жылдан бері тұрғын нарығында баға ұдайы өсіп келеді. Ал халықтың тұтынушылық қабілеті өзгеріссіз қалды. Сондықтан сарапшы мемлекеттік жеңілдетілген несиелердің тоқтауы баспана нарығына жақсы өзгерістер әкелетініне сенімді.
"Бұл бағдарламаларды әлдеқашан тоқтату керек еді. Олар нарықтағы жағдайға, әсіресе, бағаның қалыптасуына қатты ықпал етті. Тұрғын үйлердің құны халықтың жағдайына, сатып алу қабілетіне сәйкес келмейді. Бағаларды тым қатты өсіріп жіберген. Сондықтан «7-20-25» және «Баспана хит» мемлекеттік бағдарламалары тоқтағаннан кейін баспана бағасы біртіндеп арзандайды деп ойлаймын. Ал банктер арасында бәсекелестік артады. Бұдан бөлек, «егер банктер өз ипотекалық бағдарламаларын ұсына бастаса, ставкалар бірден өседі. Өйткені олар мемлекеттік бағдарламалардың жоқтығын ескеріп ұсыныс әзірлейді. Қарыз алушыларға қойылатын талап қатал болады. Банк несие алғысы келетіндерді мұқият таңдайды. Қаржы ұйымдарының арасында проценттік мөлшерлемелер үшін бәсекелестік те пайда болмақ", - деді Арман Бейсембаев.