Қазақстанда "Үздік педагог" байқауы басталды

0
953

Жеңімпаздарға 3 млн теңге мөлшерінде сыйақы беріледі.


Қазақстанда

ERNUR.KZ. Ұстаздар күні қарсаңында елімізде "Үздік педагог" байқауы басталды, деп жазады sputnik.kz.

Байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері қатыса алады.
Құжат қабылдау 12 қыркүйекте басталып, 22 қыркүйекке дейін жалғасады.
"Бұл байқаудың маңызы зор, өйткені ол үздіктердің ішіндегі ондаған үздік педагогтің еңбегін тануға мүмкіндік береді. Жүлде қорын ұлғайттық, бұл мықты мамандардың мамандыққа келуіне түрткі болып, осы кәсіпте ондаған жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарға көрсетілген құрмет болады деп сенеміз", - дейді оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
"Үздік педагог" атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжат тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар ұстаздар үміткер бола алады. Бұл балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.
"Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Биыл байқауға қатысатын әрбір педагог сауалнаманы толтырғаннан кейін конкурстың одан арғы динамикасын бақылай алады, мысалы, қатысушылар қай кезеңде тұр, оларға сарапшылар қандай ұпай қойды", - деп түсіндірді Кәрімова.
Байқаудың барлық кезеңі – қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.
Байқау туралы ақпарат еліміздің барлық 380 мың мұғалімі пайдаланатын kundelik.kz жүйесінде орналастырылады. Сондай-ақ байқау тарихында алғаш рет барлық кезең, яғни қатысуға өтінім қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау https://teachercontest.iac.kz/ веб-порталында жүзеге асырылады.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
I кезең – аудандық, қалалық деңгей;
II кезең – облыстық деңгей;
III кезең – республикалық деңгей.
Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді.
Айта кетері, республикалық "Үздік педагог" байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында байқау аясында мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 600-ге жуық үздік педагогі анықталды.
"Үздік педагог" атағының иегерлеріне 3 млн теңге ақшалай сыйақы мен төсбелгі беріледі.
Былтыр Қазақстанның әр өңірінен 64 мұғалім 3 млн теңгеден алған болатын.