Қазақстанда зейнетақы мен зейнет жасы өсті

0
1 078

2022 жылы әйелдердің зейнетке шығу жасы көтеріледі, сонымен қатар зейнетақы мөлшері де артады.


Қазақстанда зейнетақы мен зейнет жасы өсті

ERNUR.KZ. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа дейін өсті, деп жазады sputnik.kz.

Былтыр қазақстандық әйелдер зейнеткерлікке 60 жастан шықса, биыл ол 60 жас 6 айға дейін көтерілді.

2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.

Зейнет жасы қалай өседі:

  • 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жас;
  • 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жас;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жас;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жас;
  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жас;
  • 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жас.

Жалпы Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп келеді. Оған дейін ана-апаларымыз 58 жасында зейнеткерлікке шығатын.

Мәселен, ТМД елдері ішінде ең төменгі зейнет жасы Өзбекстанда екен. Көрші елде 25 жыл еңбек өтілі бар ерлер 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады.

Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Ол жақта ерлер 65 жастан, ал әйелдер 63 жастан зейнетақы ала бастайды. Бірақ барлығының еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы қажет.

Кімдер зейнетке ерте шығады

Десе де Қазақстанда кейбір азаматтарға құрметті демалысқа ерте шығу мүмкіндігі берілген.

Олар:

  • бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.

2022 жылы зейнетақы қанша болады

2022 жылы қазақстандықтардың зейнетақысы да артады.

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 19 450 теңгеге дейін ұлғаяды. 2021 жылы ол 18 524 теңгеге тең болған еді.

Ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгені құрайды. Былтыр оның мөлшері 43 272 теңге болды.

Қазақстан мен ТМД-да зейнетке шығу жасы қандай

Айта кетері, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әр зейнеткерге оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, жеке тағайындалады.

Егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ін құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады.