Қазақстанда жасанды интеллект қарқынды дамып келеді.
ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде: Институционалдық база, Технологиялық инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды дамыту. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов әр бағыттағы жобалар туралы айтып берді.
Былтыр Цифрлық даму министрлігінде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды. Осыған байланысты жасанды интеллекті (ЖИ) дамыту, мемлекеттік саясатты қалыптастырумен айналысатын және мемлекеттік органдар арасында салалық үйлестіруді жүргізетін мемлекеттік органдағы ведомство айқындалды.
«Комитет құрылғаннан кейін бізге мақсаттарды, міндеттерді, қалай дамитынымызды анықтау керек болды. Сол себепті алдағы бес жылға бағытталған ЖИ даму тұжырымдамасын қабылдадық. Бұл тұжырымдама халықаралық тәжірибені, Қазақстанда қалыптасқан жағдайды қамтиды. Біз жасанды интеллектің алты негізгі бағыты бойынша міндеттеріміз бен мақсаттарымызды сипаттаймыз: адами капитал, инфрақұрылымды дамыту, деректерді дамыту, мемлекеттік саясат және басқалар», – деді Ғиззат Байтұрсынов.
Спикердің айтуынша, биыл тұжырымдаманы жасанды интеллектті дамыту стратегиясына айналдыру міндеті тұр. Бұл құжат қабылданады деген жоспар бар.
«Осы бағытты реттеу мақсатында депутаттар жасанды интеллект туралы заң жобасына бастамашылық жасады. Қазіргі уақытта осы Заң жобасы Үкіметтің қорытындысымен Мәжіліске жіберілді. Жұмыс тобы шеңберінде құжатты сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар талқылайды. Заң жобасында жасанды интеллект мазмұнын таңбалау тәртібі мен этикалық нормалар қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасы аясында біз ЖИ жүйесінің иесі және пайдаланушысы арасындағы жауапкершілікті анықтадық. ЖИ жүйесінің классификациясын жасадық. Мұның бәрі қазір Мәжілісте талқыланып жатыр», – деп нақтылады спикер.
Сондай-ақ ол өткен жылдың желтоқсан айында 148 млрд таңбалауышқа әзірленген және үйретілген қазақ тілінің моделі таныстырылғанын еске салды. Бұл модельді әзірлеушілер НУ, «ҰАТ» АҚ, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы болды.
Комитет төрағасы атап өткендей, бұл модель ашық порталдарда жарияланған және кез келген адам оны жүктей алады.
«Келесі бағыт – ЖИ Ұлттық платформасы. Бұл платформа іске қосылды, ол адамдарға белгілі бір деректерге қол жеткізуге, есептеу қуаттарына және дайын модельдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз қазірдің өзінде осы платформада тренинг өткізіп жатырмыз. Жақында 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері оқудан өтті», –деді спикер.