Маманның айтуынша, жаңбыр тудырудың технологиялары өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері белгілі.
ERNUR.KZ. "Қазгидромет" РМК ғалым-маманы Нұрлан Абаев жасанды жаңбыр тудыру туралы айтып берді, деп жазады Stan.kz.
Маманның айтуынша, жаңбыр тудырудың технологиялары өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері белгілі. Бүгінгі таңда әлемде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы расыменде бар. Алайда жауын-шашын жағдайлары жоқ жерде жасанды түрде жаңбыр жасау мүмкін емес көрінеді.
“Бұлттылықты ынталандыру арқылы жауын-шашынның ықтимал мөлшерін көбейтуге болады. Алайда бұлттарды немесе дымқыл ауа массасын бір жерден "алып келу" мүмкін емес. Яғни белгілі бір аймақта жаңбыр бұлттары өтетінін біле отырып, сіз бұлттардан жауын-шашын мөлшерін көбейте аласыз. Солайша әртүрлі ғалымдардың зерттеуі бойынша, егер бұлттар дұрыс әсер етсе, онда жауын-шашын мөлшерін 10-15 пайызға арттыруға болады.
Қазір әлемде жаңбыр бұлттарын қалыптастыру технологиясы жоқ екенін айтып өткім келеді. Егер шөл далада жаңбыр жауса, онда табиғи жағдайлар осылай қалыптасты деген сөз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы нөсер жаңбыр сияқты сирек құбылыстар бұрын орын алғанын және болашақта қандай да бір эксперименттік жұмыстар жүргізбестен белгілі бір синоптикалық жағдайларда байқалатынын атап өткен жөн”, – дейді маман.
Жауын-шашынның мөлшерін тек жергілікті, аз мөлшерде көбейтуге болады. Бірақ жаһандық деңгейде мұндай процестерді жүзеге асыру мүмкін еместігін айтады.
“Табиғи процестерде қамтылған энергия өте үлкен екенін атап өткім келеді. Сондықтан жаңбыр жауып, желдің сипатын аймаққа су буын әкелетіндей етіп өзгерте алатын немесе қауіпті табиғи құбылыстарды толығымен жоя алатын бұлтты жүйелер құру мүмкін емес. Яғни қазіргі уақытта адам өте әлсіз. Біз табиғатпен бәсекелесе алмаймыз. Сонымен қатар мұндай жұмыстар тәуекелдермен байланысты және олардың нәтижелері күмәнді болуы мүмкін. Кез келген экспериментте күтілетін пайда, тәуекелдер мен оңтайлы әдістер, сондай-ақ ықтимал салдарлар туралы сарапшылардың қорытындысы болуы тиіс", –дейді Нұрлан Абаев.