Қазақстанда жеңіл автокөлік құрастыратын жаңа зауыт ашылды

0
766

Зауыт әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған.


Қазақстанда жеңіл автокөлік құрастыратын жаңа зауыт ашылды

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Hyundai автомобильдерін құрастыру зауытының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Телекөпір форматында өткен зауыттың ашылу салтанатына Корея Республикасының сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Hyundai Motor Company» президенті Ли Вон және «Astana Group» президенті Н.Смағұлов қатысты.

Зауыт әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асады. Шектес салаларды ескере отырып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта автокомпоненттер шығаратын зауыт ашу көзделген, бұл 51%-дан астам жергіліктендіруді қамтамасыз етуге және ТМД елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік береді.


«2020 жылдың 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға ұлғайды. Бұл сала жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Алматы қаласында Hyundai автомобиль өндірісінің ашылуы автомобиль өнеркәсібінің әлемдегі аса ірі көшбасшыларының бірі «Hyundai Motor Company» компаниясымен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің, сондай-ақ Қазақстанның Корея Республикасымен жемісті ынтымақтастығын тереңдетудің көрнекті үлгісі бола алатынын атап өтті.