Қазақстандық ғалымдар дәрумендерге бай ұн түрін шығаруды қолға алмақ

0
3 374

Отандық өнім дәрумендерге бай, сондай-ақ қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы болмақ.


Қазақстандық ғалымдар дәрумендерге бай ұн түрін шығаруды қолға алмақ

ERNUR.KZ. Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасымық, нұқат, бұршақ және үрмебұршақтан жаңа ұн түрлерін шығаруды қолға алды, деп жазады 24.kz.

Отандық өнім дәрумендерге бай, сондай-ақ қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы болмақ. Бүгінде крахмал және құрғақ кілегей экспорт нарығында жоғары сұранысқа ие. Сол себепті елімізде бидайды терең өңдеуге ерекше назар аударылады. Осы бағытта бірнеше кәсіпорындар жұмыс істейді. Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының мамандары бүгінде басқа да астық түрлерін өңдеп жатыр. Оның ішінде адам денсаулығына пайдасы зор ұнның жаңа түрін шығаруды ұсынып отыр.

Маржан Қизатова, аға ғылыми қызметкер: - Қазіргі нарықты бағалай және салыстыра келе, арнайландырылған ұнның жоқтығын біз байқадық. Осыған байланысты қант диабетімен, инсулин тапшылығымен ауыратын адамдарға арнайландырылған ұнды дайындауға кірістік.

Ғылыми қызметкер Маржан Қизатова айтып отырған ұн жасымық, нұқат, бұршақ және үрмебұршақтан жасалады. Олардың құрамы ақуызға өте бай. Ел намысын түрлі додаларда қорғап жүрген спортшылар мен қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін осындай ұннан жасалған өнімдердің пайдасы мол дейді маман.

Жанар Чаканова, өсімдік шикізатын бастапқы өңдеу лабораториясының жетекшісі: - Өңделген ұнда пайдалы дәрумендер өте көп. Яғни, ұн өнімдерінің ақуыз және тағамдық құндылығы жоғары. Мұндай астық түрлерінен жасалған ұн қазір елімізге шетелден жеткізіледі. Тиісінше, бағасы да арзан емес.

Біздің жоба арқылы тұтынушыларға сапалы, минералдық заттарға бай әрі қолжетімді өнімдерді ұсына аламыз. Зерттеу жұмыстарының басталғанына бір жыл болды. Осы аралықта 4 астық түрінен 8 жарма түрі алынды. Мамандар әлі шамамен 2 жыл бойы зерттеу жүргізу қажет дейді. Содан кейін жоба қорытындысы кәсіпорындарға таныстырылып, жүзеге асырылады.