Алматы және Ақтөбе облыстарынан Ресейге жөнелтілген.
"Россельхознадзор" Ресейге Алматы мен Ақтөбе облыстарынан қызанақ пен бұрыш жеткізуге шектеу енгізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Россельхознадзор ресми сайтында жарияланды.
"Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералды қызмет 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Алматы және Ақтөбе облыстарынан қызанақ пен бұрыштың жеткізілуіне тыйым салады," - делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстанның жоғарыда аталған екі облысынан Ресей аймағына жеткізілген қызанақтардан "Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV)" вирусы анықталған. Осыған орай Россельхознадзор уақытша фитосанитарлық карантиндік шектеу енгізген.
21 желтоқсанда Россельхознадзор Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігі атына өнімнен қауіпті вирустың анықталғаны туралы нотификация жіберген. 28 желтоқсанда екіжақты келіссөз барысында Ресей ведомствосы Қазақстандық тарапты орын алған жағдайға байланысты тергеу жүргізіп, нәтижесі туралы ақпаратты ұсынуын өтінген.
Алайда осы уақытқа дейін Қазақстан тарапынан ешқандай әрекет болмаған.