​Қазақстандық меценат Ақтөбеге музей салып берді

0
2 011

Музей құрылысына қарастырылған қаржы құны – 635 миллион теңге.


​Қазақстандық меценат Ақтөбеге музей салып берді

ERNUR.KZ. Ақтөбеде облыстық музейдің құрылысы аяқталды. Қазір экспонаттарды орналастырылып жатыр. Үш қабатты ғимаратта 11 зал болады. Музей құрылысына қарастырылған қаржы құны – 635 миллион теңге. Жартысын ақтөбелік меценат Исламбек Салжанов бөлді, деп жазады Baq.kz..

Ақтөбе облыстық музейі Батыс-2 ауданында бой көтерді. Жаңа ғимарат 3 қабатты. Қазір әрлеп, көркемдеу жұмыстары жүріп жатыр. Экспонаттар орналастырылуда. Музей құрылысына 635 ммиллион теңге қарастырылған. Жартысын ақтөбелік меценат Исламбек Салжанов бөлді. Қалған қаржы облыстық бюджеттен.

«Музейдің ішкі көркемдеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 200 миллон теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Жүзеге асырылып жатқан алғашқы кезеңіне бөлінген 100 миллон теңге игерілуде. 67 миллон теңгесі көркемдеу жұмыстарына. Қалғаны озық технологияларды енгізуге жұмсалады», - дейді Ақтөбе облыстық музейі директорының орынбасары Арман Ержанов.

Музейде 11 зал болады. Көрме, табиғат, археологиялық, қазақ хандығы, 1869-1940, ҰОС жылдарындағы, 1945-1991 жылдар аралығындағы өңір тарихына қатысты, рухани жаңғыру залдары болады. Әзірге бес зал ашылады. Көрме залының көлемі - 170 шаршы метр. Археологиялық залдың көлемі одан да үлкен. 232 шаршы метр. Музейдегі 48 шаршы метр көлеміндегі алтын залды да тұрғындар тамашалай алады. "Алтын залда" көп жылдар бойы аймақта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған асыл әшекей бұйымдар орналасады. Ерте темір дәуірі, орта ғасырларға қатысты, жаңа замандағы қазақ мәдениетіне тиесілі бұйымдар қазір бар. Ал, 1-қабаттағы табиғат залында өңірдің флора, фаунасының материалдары қойлады.

«Табиғат залында шағын дәуірлерді бөлетін 4 диорама болады. Облыстың флора, фауна сәйкес бұрын өмір сүрген жануардың сүйек қаңқалары қойлады. Қызыл кітапқа енген аймақтағы жануарлар, жәндіктер мен өсімдіктер, құстарды да тамашалауға мүмкіндік болады», - деді Арман Ержанов.

Әдемі ғимаратты "Элитстрой сервис" кұрылыс компаниясы көтерген. Экспонаттарды орналастыру, көркемдеу жұмыстарымен "Заман-Ту" ЖШС-і айналысып жатыр. 15 адамнан құралған жұмысшы тобы жұмыс жасауда. Алматыдан шақыртылған 4 кәсіби суретші-дизайнер бар. Түркілер мен сарматтар заманының кескіндемелері бейнеленеді.«Қазақ хандығы» залында Әбілқайыр ханға айрықша орын берілген.

«Қазақ хандығы» залын жасап жатырмыз. Қазір бір суретшіміз «Қалмаққырылған» панносын салып жатыр. Аяқталуға жақын. Одан өзге, 1710 жылдағы Аралдың Қарақұмындағы кеңес көрінісі бейнеленеді. Диорама – «Хан кеңесі» деп аталады. Ал, соның жанында бейбіт ауылдың көрінісін бейнелейміз. Ол да жарға салынған сурет»,-деді дизайнер-суретші Талғат Адырбеков.

Ақтөбе облыстық музей қорында 11 мыңнан астам жәдігер бар. Негізгі қордағы экспонат саны 45 мыңнан көп. Жаңа ғимаратқыркүйекте ашылады.