Бірегей өнертабыстары үшін әлемдік компаниялар Тимурға үлкен сыйақы ұсынып отыр
ERNUR.KZ. 17 жастағы Тимур Рыспековты Microsoft, Amazon және NASA компаниялары жұмысқа шақырып отыр, деп жазады 24.kz.
Дарынды жігіт Нью-Йоркте НАСА ұйымдастырған сайыста жеңіске жетіп, ғылыми қауымды таң қалдырды. Тимур үш жасында көбейту кестесін жаттап алған. Мектеп қабырғасында жүргенде, математика және физика олимпиадаларында талай рет топ жарды. Ал өнертапқыш ретінде алғашқы жүлдесін танк түріндегі роботы үшін алды. Ол қоршаған ортаны сақтауға арналған. Қазір екі бірдей оқу орнында білім алып жүр. Халықаралық үздіксіз білім алу колледжімен қатар Массачусетс технологиялық институтында қашықтықтан оқиды. NASA ұйымдастырған дүниежүзілік сайыста Тимур бастаған топ бірінші орынға ие болды. Олар Оппортьюнити және Кьюриосити марсоходтары кезіккен мәселелерді шешкені және кездейсоқ сандар генераторы үшін бас жүлдемен марапатталды.
Тимур Рыспеков, NASA сайысының жеңімпазы: – Биыл Оппортьюнитимен не болғанын көбісі естіген. Батареясындағы ақаудың салдарынан байланысқа шықпай қойған. Осы мәселенің шешімін басқарылмалы релемен тәжірибе өткізіп көрсеттік. Ол қуат болмағанда, ажыратылады, ал күн батареясынан қуат түскенде, іске қосылады. Осы шешімді телефонды қуаттандыру кезінде де қолдануға болады. Телефон жарылған оқиғалар болғанын білеміз.
Нью-Йоркке Тимурмен бірге жоба дизайнымен айналысушы Анастасия Клещева және Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенті Владислав Полонский келген.
Владислав Полонский, Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ҰТЗУ студенті: "Менің міндетім жоба тұсаукесерін және қазылар алқасы үшін мәтін дайындау болған. Сондай-ақ марсоход роботымызды шығаруға қатыстым. Біз өзге де сайыстарға қатысуды көздеп отырмыз."
Бүгінде Тимур физика, математика және информатика салаларында 30 патент пен авторлық құқыққа ие. Азия және Шығыс Еуропаның үздік инновациялық жобасы үшін Microsoft ұйымдастырған сайыста жеңіске жеткеннен кейін Тимурды бұл компания мен АҚШ-тың өзге де ірі корпорациялары жұмысқа шақыра бастады.
Тимур Рыспеков, NASA сайысының жеңімпазы: "Біздің негізгі басымдығымыз, кездейсоқ сандардың квант генераторы. Фотондар сипаттамаларының әр түрлілігі арқасында кездейсоқ мәліметтерді түрлендіре алады. Мұны банк жүйесінде жеке деректерді сақтау үшін, қаржылық тәуекелдерді болжауға, медицина саласында түрлі дәрілер шығаруға және кен-тау өнеркәсібінде қолдануға болады."
Осындай бірегей өнертабыстары үшін әлемдік компаниялар Тимурға үлкен сыйақы ұсынып отыр. Алайда ол өз елімізде жұмыс істеуді таңдап, «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткен.
Тимур Рыспеков, NASA сайысының жеңімпазы: "Бір ұйым мен бір жеке тұлғаға алғысымды білдіргім келеді. Бұл сапарымызды ұйымдастырып, визаларды рәсімдеуге көмектескен және жолақымызды төлеген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры. Сондай-ақ сайыстарға қатысуға және стартабымызда жұмысымызды ұйымдастырған ұстазымыз Ахтанов Ержанға алғысымды айтамын."