Қазақстандықтар Абай облысындағы өрттен көз жұмған жалғыз әйелдің балаларына Астанадан үй алып берді

0
630

3 шілдеде Астананың сол жағалауында орналасқан "Dream City" тұрғын үй кешенінен 45,2 ш.м. бизнес-класс пәтер сатып алынған.


Қазақстандықтар Абай облысындағы өрттен көз жұмған жалғыз әйелдің балаларына Астанадан үй алып берді

ERNUR.KZ. "Клуб Добряков" еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Абдрашеваның әлеуметтік желідегі жазылушылары Абай облысында қаза тапқан Мейрамгүл Жиенбаеваның екі баласына Астанадан үй әперді, деп жазады stan.kz.

Бұл туралы Гүлмира Абдрашева Telegram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Айтуынша, балаларға пәтер алу үшін 26 681 224, 17 теңге қаражат жиналған.

“Сіздер Абай облысындағы орман өрті кезінде қаза тапқан жалғыз әйел Мейрамгүл Жиенбаеваның балаларына Астанадан 1 бөлмелі пәтер сатып алу туралы ойымды қолдаған едіңіздер. Яғни оларды ертеңгі күніне үлкен сенім мен қосымша қаражат көзі бола алатын инвестициямен қамтамасыз еткіміз келген еді. Оның артында 4 жасар қызы мен 15 жасар ұлы қалды. Сіздер, менің жазылушыларым, 22 сағат ішінде 26 681 224, 17 теңге жинадыңыздар”, – деп жазды ол.

Осылайше кеше, 3 шілдеде Астананың сол жағалауында орналасқан "Dream City" тұрғын үй кешенінен 45,2 ш.м. бизнес-класс пәтер сатып алынған.

“Құны 26.000.000 теңге. Толық жиһаздалған. Жалға берілмеген. Пәтер балаларға тең үлестермен ресімделді. 50/50. Әкесі қорғаншылық органдарының келісімінсіз мүлікке билік ете алмайды. Сондай-ақ балалар кәмелетке толғанға дейін оған үшінші тұлға иелік ете алмайды. Сондай-ақ Мейрамгүлдің анасына, күйеуі мен екі баласына ұшақ билеттері сатып алынды. Тұрғын үй кешенінің жанындағы қонақүйден орын алынды. Отбасы осындай жомарт сыйлықты тарту етуге атсалысқан барлық жанға алғысын білдіреді”, – деп жазды ол.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Салдарынан "Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Оның шінде Мейрамгүл Жиенбаева да бар еді.

Құрбысы Шолпан Кенжебаеваның айтуынша, марқұм үшінші баласына жүкті болған. Бірақ кейін туыстары бұл ақпаратты жоққа шығарды.