Қазақстандықтар болашақта жеке куәлікті онлайн рәсімдей алады

0
726

Қазақстанда жеке куәлікті алу процесін автоматтандыру жоспарлануда.


Қазақстандықтар болашақта жеке куәлікті онлайн рәсімдей алады

иллюстрациялық фото

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың кездесуінен мәлім болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында министрлер мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жүргізуші куәлігін беру, автомобильге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін дайындауға тапсырыстарды автоматтандыру процесімен танысты.

Биометрия технологияларын қолдану бағытындағы жаңа тәсілдің арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі барынша ашық болады және ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

Нұр-сұлтан қаласының №1 ХҚКО-да министрлерге жеке куәлік беру бойынша автоматтандырылған терминал таныстырылды.

Терминал биометриялық жүйемен, суретке түсіру функциясымен және түсінікті интерфейспен жабдықталған. Оның көмегімен адам өз бетінше куәлік алуға өтінім береді, суретке түседі, өз қолының үлгісін қалдыра алады және QR-кодтың көмегімен мемлекеттік баж салығын төлей алады.

«Осы тәсілді пилоттық режимде енгізу мәселесі пысықталуда», -делінген хабарламада.

Ведомство басшылары сондай-ақ АХҚО-ның Экспат-орталығына барды, онда бүгіннен бастап Қазақстанға шетелден ұзақ мерзімге келетін IT-мамандар қажетті рәсімдерді орындай алады. Мұндай орталықтың артықшылығы - уақытты үнемдеу, өйткені қызметтерді алушы барлық рәсімдерді бір жерден атқарады, түрлі ұйым-мекемелерді аралап, сандалмайды.

Елордалық полиция департаментінің жедел басқару орталығында Марат Ахметжанов пен Бағдат Мусин ІІМ-нің «ахуалдық-талдау орталығы» және «Сергек» АӨК мобильді қосымшасы» перспективалық жобаларын және ішкі істер органдарында цифрландыруды одан әрі дамыту жоспарларын талқылады.

ІІМ талдау орталығы қылмыстың алдын алу және криминологиялық болжам жасауға арналған жүйе.

Мобильді қосымша - жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, жол жүрісін автоматты түрде қадағалау жөніндегі функционал.

Министрлер жергілікті атқарушы органдармен, полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің бастықтарымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарымен бейнеконференциялық байланыс режимінде бірлескен кеңес өткізді.

«Инновациялар - полиция қызметін бюрократиядан арылтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген жобалар бар, ІІМ оларды ЦДИАӨМ және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықта іске асыратын болады», - деді Марат Ахметжанов.

Ведомство басшысы өңірлерде Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да міндеті екенін атап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алуға оның барлық субъектілері, оның ішінде әкімдіктер де тартылуы тиіс.

«Цифрландыру қазақстандықтардың өмірін жеңілдетеді, мемлекет ұсынатын қызметтердің сапасы мен жылдамдығына әсер етеді. Жақын арада құжаттарды рәсімдеу мерзімі айтарлықтай қысқарады, бұл ретте барлық процестер ашық болады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Бірақ сапалы нәтижелер үшін мемлекеттік органдардың «сандар» және мемлекеттік қызмет көрсету саласында бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Біз ІІМ басшылығымен бұл туралы келістік, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жұмыс істейтін боламыз. Цифрлық құжаттарды танудан бастайық», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Кеңес қорытындысы бойынша ішкі істер органдарын одан әрі цифрландыру және ҚР ЦДИАӨМ қатысуымен полиция қызметіне бірлескен инновацияларды енгізу бойынша шешімдер қабылданды.