Қазақстандықтар Ресейдің үш банкінен 1,82 трлн теңге шығарып үлгерді

0
559

Бұл ұйымдардағы салымдардың үлесі жыл басынан бері банк жүйесінің жалпы депозиттік портфелінен 14,1%-дан 6,1%-ға дейін азайған.


Қазақстандықтар Ресейдің үш банкінен 1,82 трлн теңге шығарып үлгерді

ERNUR.KZ. Соғыс пен геосаяси жағдайдың ушығуынан қорыққан қазақстандықтар ресейлік банктерге салған салымдарының бәрін алып қалуға тырысып жатыр, деп жазады ulysmedia.kz.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, қазақстандықтар Сбербанк, Альфа-Банк және ВТБ-дан 1,82 трлн теңге шығарған. Бұл ұйымдардағы салымдардың үлесі жыл басынан бері банк жүйесінің жалпы депозиттік портфелінен 14,1%-дан 6,1%-ға дейін азайған.

«Бас құрылымдар көрсеткен өтімділікті қолдау шарасы ресейлік банктерге осы тәуекелдерді жеңуге және клиенттердің төлемдері мен аударымдары бойынша тапсырмаларды уақтылы орындауға мүмкіндік берді. Бұл ретте көрсетілген банктердегі жабық шоттардың үлес салмағы ашылған шоттар санының 4%-нан аспайды», - деп жауап берді агенттік Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына.

Агенттік ВТБ міндеттемелерін уақытында орындайтынына сендіріп отыр. Ал Альфа-Банк жеке және заңды тұлғалар үшін АҚШ долларымен және еуромен аударымды уақытша тоқтатқан. Клиенттер тәулік лимиті шегінде банкоматтардан қолма-қол ақша алып, ұялы қосымшада ақшаны телефон нөмірі бойынша банктерге теңгеге аудара алады. Дегенмен, валютаны айырбастау тоқтатылды, Visa және MasterCard карталары банкоматтар мен POS-терминалдардың өз желісінен тыс жұмыс істемейді.

«Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақша алуға және аударуға лимит уақытша енгізілді. Бір клиентке тәулігіне 500 мың теңге (не басқа баламалы валютада) ғана беріледі. Банкоматтардан қолма – қол ақша алудың максималды лимиті – бір клиентке тәулігіне 400 000 теңге. Мобильді қосымшадағы операцияның ең жоғары лимиті – бір клиентке тәулігіне 100 000 теңге. Лимит барлық операцияларға қолданылады. Банк бөлімшелерінің кассаларында қолма-қол ақша беру уақытша тоқтатылды», - деп түсіндірді Альфа банктің баспасөз қызметі.