Үй жануарларын ұстайтындар қазақстандықтар енді оларды тіркеуге тұрғызуы тиіс.
ERNUR.KZ. Үй жануарларын тіркеуге тұрғызбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай норма мәжілістің қарауында жатқан "жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасына енгізілген, деп жазады Stan.kz.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтуынша, үй жануарларын міндетті есепке алу 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізіледі.
"Заң жобасы үй жануарлары иелерінің қаражаты есебінен ақылы негізде есепке алу құралын қолдану арқылы үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді. Оны жоспарлы іске асыру және үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ олардың иелеріне біржолғы жаппай жүктемені болдырмау мақсатында заң жобасында үй жануарларын міндетті есепке алуды кейінге қалдыру нормасы көзделген", - деді ол.
Үй жануарлары бойынша барлық деректер ветеринарлық клиникалар базасына енгізілетін болады. Содан кейін жергілікті атқарушы органдарға беріледі.
"Егер жануарды есепке алу және сәйкестендіру шарттарын орындамаса, әкімшілік жауапкершілік тартылатын болады", - деп толықтырды вице-министр.
Оның мәліметінше, тіркелмеген жануар анықталған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ні құрайтын болады. Қайталанатын болса одан сайын жоғарылайды.
Сондай-ақ, вице-министр жануарларды ұстау саласында "қоғамдық инспекторлар" ұғымын енгізу ұсынылатынын айтты. Ал жануарларға қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізудің неғұрлым егжей-тегжейлі тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
"Жергілікті атқарушы органдарға жануарларға арналған панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді, жануарларды иелеріне беруге, жоғалған жануарлардың иелерін іздестіруге және үй жануарларын биостерилизациялау қажеттілігі туралы хабардар етуге бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастыру құзырет беріледі", - деді ол.