Қазақстандықтардың Ресей банктеріне салған 9,2 млрд теңгесі бұғатталды

0
732

Агенттік басшысының айтуынша, санкциялық талаптар аясында жекелеген шетелдік банктер Сбербанк, Альфа-Банк пен Банк ВТБ-ның (Қазақстан) шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарын бұғаттаған.


Қазақстандықтардың Ресей банктеріне салған 9,2 млрд теңгесі бұғатталды

ERNUR.KZ. Ресейлік банктерге қарсы санкциялар енгізілгелі бері заңды және жеке тұлғалардың қанша қаражаты бұғатталды? Депутаттар жолдаған осы сұраққа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова жауап берді, деп жазады ulysmedia.kz.

Агенттік басшысының айтуынша, санкциялық талаптар аясында жекелеген шетелдік банктер Сбербанк, Альфа-Банк пен Банк ВТБ-ның (Қазақстан) шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарын бұғаттаған. Осының салдарынан банктердің мәліметі бойынша, аталмыш банктердің шоттарындағы жалпы сомасы шамамен 9,2 млрд теңге (Сбербанктегі 2,7 млрд теңге, Альфа-Банктегі 6,2 млрд теңге, Банк ВТБ (Қазақстан)-дағы 0,3 млрд теңге) болатын қалдықтар бұғатталған.

«Бұдан басқа, шетелдік банктер Сбербанктің жекелеген клиенттері бойынша 2,9 млрд теңге сомадағы шетел валютасындағы төлемдерді бұғаттаған. Альфа-Банк клиенттері бойынша жекелеген клиенттер бойынша 3,9 млрд теңге сомасындағы шетел валютасындағы төлемдер мен аударымдар бұғатталды. Қазір банктің жаңа акционері Банк ЦентрКредит АҚ банкті АҚШ пен бірқатар басқа елдердің санкциялық тізімінен шығару жұмыстарын жүргізуде. «Банк ВТБ (Қазақстан)» клиенттері бойынша олардың төлем және аударым операциялары шеңберінде қаражаттарды оқшаулау немесе бұғаттау фактілері жоқ», - деп жауап береді агенттік басшысы.

Сбербанк пен Альфа-Банкта шетелдік банктер қайтарған клиенттер қаражатының сомасы бойынша ақпарат жоқ. Себебі олар арқылы операциялар жүзеге асырылған банктердің корреспонденттік шоттары бұғатталған. Бұғатталған қаражат клиенттерге басқа банктер арқылы қайтарылуы мүмкін.

«Операцияларды бұғаттан босату үшін банктердің клиенттері өз бетінше АҚШ реттеушісінің (OFAC) интернет-ресурсында арнайы нысанды толтыру арқылы оның жеке рұқсатын алуы қажет. Қазіргі уақытта банктер өз клиенттеріне контрагент банктермен келіссөздерді жүзеге асыру және OFACтың жеке лицензиясын алу тәртібі туралы ақпарат ұсыну арқылы көмек көрсетуде. 2022 жылғы 5 мамырда «Банк ЦентрКредит» АҚ «Альфа-Банк» АҚ ЕБ сатып алғаны белгілі. «Банк ЦентрКредит» АҚ «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-ні акционердің ауысуына байланысты SDN тізімінен шығару үшін бас лицензия алу мақсатында OFAC-қа хат жолдады, оны алғаннан кейін оның корреспонденттік шоттарын және клиенттердің қаражатын толық бұғаттан босату күтілуде», - дейді Мадина Әбілқасымова.

Шетелдік банктердің корреспонденттік шоттарындағы Сбербанк және Альфа-Банк қаражатын бұғаттаумен және олардың клиенттерінің қаражатын оқшаулаумен байланысты қалыптасқан жағдай Қазақстанның банк секторы басынан кешіріп отырған сыртқы геосаяси тәуекелдермен байланысты.

«Осы орайда, клиенттер екі банкке қатысты шығынын өтеу бойынша азаматтық талап арыз берген жағдайда, мұндай талаптарды банктер сот органдарының шешімдеріне сәйкес қанағаттандыратын болады», - дейді Мадина Әбілқасымова.