Қазақстандықтардың тегіне "Нұр" қосыла ма – министрлік жауап берді

0
1 375

Газетте жарияланған мақалада Ахметов – Нұр-Ахметов, Иванов – Нұр-Иванов болады деп жазылған.


Қазақстандықтардың тегіне

ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі желіде қазақстандықтардың тегіне міндетті түрде "Нұр" сөзі қосылып жазылады деген хабарламаға қатысты түсініктеме берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Айта кетсек, бүгін WhatsApp мессенджерінде тараған газетте жарияланған мақаланың суреті қазақстандықтарды біраз шулатты. Мақалада индустрия және цифрлық даму министрлігінің қаулысына сәйкес, қазақстандықтар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тегіне "Нұр" сөзін қосып жазуға міндеттеледі деп жазылған.

"Яғни, Ахметов – Нұр-Ахметов, Иванов – Нұр-Иванов, Ким – Нұр-Ким болады және тағы басқа", - делінген материалда.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі газетте басылған мақаланың 1 сәуір – Күлкі күніне арналған әзіл-қалжың екенін хабарлады.

"Бұл жалған ақпарат. Мәселен, материалда индустрия және цифрлық даму министрлігінің қаулысына сілтеме жасалған. Қазақстанда мұндай министрлік жоқ екенін сіздер жақсы білесіздер", - деді министрліктің баспасөз хатшысы Айжан Мусинова.

Екіншіден, оның айтуынша, мақалада белгісіз біреудің сөзі келтірілген.

"Егер нағыз қаулы болса, онда түсіндірмені мемлекеттік органның нақты өкілі беретін еді, немесе кем дегенде өз аты-жөнін, лауазымын көрсетер еді. Үшіншіден, материалдың астында дереккөз – "бірінші сәуірдегі Щучинск" деп көрсетілген, яғни бұл бірінші сәуірге арналған әзіл екенін түсінуге болады", - деді Мусинова.