Қазақстанға Ауғанстан әйелдерінің екінші легі келді

0
1 241

​Жобаны Еуроодақ қаржыландырады.


Қазақстанға Ауғанстан әйелдерінің екінші легі келді

ERNUR.KZ. Еуропалық Одақтың шәкіртақысына ие болған ауған әйелдерінің екінші тобы елімізге келді. Олар мұнда білім алмақшы, деп жазады inbusiness.kz.

10 студенттен тұратын жаңа топ әуелі Almaty Management University тіл мектебінен онлайн режимде ағылшын тілін үйренген болатын. Осы кезеңнен сүрінбей өткен грант иегерлері Қазақстан-Британ техникалық университетіне тау-кен ісі мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоба Еуропалық Одақ бөлген 2 миллион еуро грант аясында жүзеге асырылады. Осы қаражат есебінен 2025 жылға дейін 50 ауған әйелі Қазақстан мен Өзбекстандағы үздік университеттерде жоғары, техникалық және кәсіптік білім алуы керек.


«Әйелдер экономикалық өсу мен тұрақты дамудың негізі болып табылады. Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайту – Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің ортақ мүддес. Ауғанстанда бейбітшілік орнамай, Орталық Азияның гүлденуі мүмкін емес. Ауғанстан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы «білім беру көпірі» елдердің әлеуметтік және экономикалық байланысын одан әрі күшейте алады. Осылайша қауіпсіздік мәселелерін шешуге үлес қосып, аймақтың бейбіт және гүлденген болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» - дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон.


Алғашқы лекпен келген ауғанстандық 30 әйел де 2019 жылдың қазан айында Алматыға келген еді. Шәкіртақы иегерлері тілдік дайындықты ойдағыдай тәмамдап, Сәтбаев, Қазақ ұлттық аграрлық және Қазақстан-Британ техникалық университеттеріне тау-кен ісі, ауылшаруашылық және қаржы мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура және техникалық және кәсіптік білім беру (TVET) бағдарламаларына түсті. Қазіргі уақытта COVID-19 шектеулеріне байланысты студенттер академиялық курстарын онлайн режимінде өтіп жатыр.