Қазақстанның мүфтияты қалың мал мен мәһірді біріктірді - ресми ақпарат

0
637

​ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі осындай пәтуа шығарған.


Қазақстанның мүфтияты қалың мал мен мәһірді біріктірді - ресми ақпарат

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тұрмысқа шыққан қызға берілетін қалың мал мен мәһірді біріктірді. Бұл туралы мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Дегенмен, оның айтуынша, «әке еңбегі», «ана сүті» сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды.

«Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті «дустиман» деп атайды», - деген ол қалың малды шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар екенін жазған.

Ғұламалардың көзқарастарын тізген Ағабек Қонарбайұлы осы мәселеге қатысты мүфтияттың шешімін жария етті.

«Шешім: Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды», - деп жазды ол.