Қазақстанның тағы бір өңірінде жолдарға бекеттер қойылды

0
720

​Павлодар полицейлері мен ветеринарлар көше аралап, құрбандық шалу ережелерін бұзу фактілерін анықтайды.


Қазақстанның тағы бір өңірінде жолдарға бекеттер қойылды

ERNUR.KZ. Павлодар облысында патрульдік бекеттер қойылды. Негізгі мақсат – Құрбан айт кезінде малды заңсыз тасымалдауға жол бермеу, деп жазады sputniknews.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, өңірде 11 мобильді бекет қойылды. Атап айтқанда, Павлодар қаласында – 5, Екібастұзда – 3, ал Ақсу қаласында 3 бекет жұмысын бастады. Бұдан бөлек, полицейлер мен ветеринарлар көше аралап, құрбандық шалу ережелерін бұзу фактілерін анықтайды.

"Тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы – "Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу" бойынша жауапқа тартылады. Осы бапқа сәйкес, 20 айлық есептік көрсеткіш (55 560 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған", - дейді полицейлер.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, құрбандық шалу ережелерін сақтамағаны үшін тағы бір бап бойынша жаза бар. Ол – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы ("қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу"). Бұл бапта тура сондай жаза – 20 айлық есептік көрсеткіш (55 560 теңге) көлеміндегі айыппұл қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан шығаберіс жолдарға бекеттер қойылған болатын.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирус індетінің таралуына байланысты мешіттерде Құрбан айт намазын оқымауға шешім қабылдады. Ал 24 шілде күні Қазақстан Qurban2020.kz сайты іске қосылды. Ол арқылы құрбандық малға онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бірақ еттің бір бөлігін үйге алып кетуге болмайды. Құрбандық малдың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады. Онлайн-құрбандық жасау үшін сайт арқылы малды таңдап, ақшасын төлеу керек. Мұқтаж жандар да өтініш қалдыруы қажет. Онлайн тапсырыстар 30 шілдеге дейін қабылданады.