Қазанда ауа райы қандай болады?

0
992

азанда орташа ауа температурасы елдің көп бөлігінде қалыпты болады деп күтіледі.


Қазанда ауа райы қандай болады?

ERNUR.KZ. "Қазгидромет" РМК синоптиктері қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп жазады Tengrinews.kz.

Қазанда орташа ауа температурасы елдің көп бөлігінде қалыпты болады деп күтіледі. Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының басым бөлігінде, Түркістан облысының батыс жартысында, Қарағанды облысының оңтүстік-батысында, Қостанай облысының оңтүстігінде ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады.

"Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады деп болжанған. Жауын-шашын Маңғыстау, Қызылорда облыстарында, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының оңтүстік жартысында, Қарағанды облысының батысы мен оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында нормадан аз болады", - деді "Қазгидромет" РМК қызметкерлері.

Болжамға сәйкес, Ресейдің Еуропалық аумағы арқылы өтетін Скандинавия мен Баренц теңізі аудандарынан суық антициклон қазанның басында республиканың батыс жартысында ауа райын қалыптастырады.

"Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында, керісінше, батыс және оңтүстік циклондардың жырасынан және белсенді фронталь бөліктердің өтуіне байланысты жауын-шашын (жаңбыр, қар, тұман және көктайғақ құбылыстары, солтүстікте желдің күшеюі, төмен бұрқасын) болжанады, Қазақстанның таулы аудандарында қатты жауын-шашын болуы мүмкін", - деп түсіндірді метеорологиялық қызмет өкілдері.


Синоптиктер мәліметінше, айдың бірінші онкүндігінде солтүстік-батыс антициклонның батыс өңірлерге өтуі әсерінен ауа температурасы түнде 1-3 градусқа дейін, күндіз +10+15 градусқа дейін төмендейді.

Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысында бірінші онкүндіктің ортасында түнде 1-3 градусқа дейін, күндіз +5+13 градусқа дейін суытады.

Қазанның екінші және үшінші онкүндіктерінде жекелеген күндері жылудың қысқа мерзімді толқыны күтіледі, күндіз ауа +13+18 градусқа дейін, республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында +19+25 градусқа дейін жылынады.

Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде-4-10 градусқа дейін, күндіз -2+3 градусқа дейін, оңтүстік жартысында - түнде -5+5 градусқа дейін, күндіз +7+12 градусқа дейін төмендеуі болжанған.