Аталмыш форум жұмысына ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки қатысты.
ERNUR.KZ. 2024 жылдың 25 маусым мен 27 маусым аралығында «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ делегациясы Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М. Тіреуовтың басшылығымен Қытайдың Үрімші қаласында өткен «Қытай-Орталық Азия» ғылыми-техникалық ынтымақтастық халықаралық форумының жұмысына атсалысты, деп жазады baq.kz.
Аталмыш форум жұмысына ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки қатысты.
Форум аясында Орталық Азия елдері мен Қазақстанның ғылыми-өндірістік мекемелерінің қатысуымен ҚХР ауыл шаруашылығы ғылымы мен білім беру саласында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң филиалы, Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ғылым және техника бірлестігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясы, Қазақстан, Өзбекстан Республикаларының Су ресурстары министрлігі, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы, Тәжікстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті арасында бекітілді.
Ол бойынша тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастық және алмасу комитетін құруға, жоғары деңгейдегі академиялық алмасу іс-шараларын ілгерілетуге, ғылыми-техникалық қызметтерді дамытуға, ғылым мен техника салалары бойынша дарындармен алмасып, ынтымақтастық орнатуға, жастар арасында халықаралық ғылыми-техникалық жетістіктер бойынша өзара алмасуды дамытуға, ғылыми, мәдени ынтымақтастық орнатып, бірлескен ғылыми зерттеулер жасауға, академиялық семинарлар ұйымдастырып, оқыту бағдарламалары арқылы мамандарды бірлесе оқытуды жүзеге асырып, PhD докторларын даярлау, бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру көздерін бірлесіп іздеуге уағдаласты.
Меморандумға қол қояр алдында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ғылым және техника қауымдастығының жұмыс кездесулері өтіп, тараптар халықаралық симпозиумға қатысты. Оған Орталық Азияның Ұлттық ғылым академияларының басшылары мен Қытай Халық Республикасының ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысты. Симпозиум барысында ҚазАТЗУ мен Қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асырудың алдағы бағыттары мен тетіктері анықталды.