ҚазҰУ түлектері 3 студентке өз қалталарынан стипендия тағайындады

0
3 049

Болашақта журналшы болуға ынталы 1 курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3 курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожакеев туралы жазылған жинақ табысталды.


ҚазҰУ түлектері 3 студентке өз қалталарынан стипендия тағайындады

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің сырттай бөлімін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жылдық басқосу құрметіне орай үш студентке Темірбек Қожекеев атындағы стипендия тағайындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

- Курстастар кездесу жайлы кеңес құрғанда қарашаңырақ білім ордасына құралақан бармай түлектер атынан ғажап ғалым, біртуар қайраткер, ұлағатты ұстаз, қазақ сатирасының сардары Темірбек Қожекеев атындағы стипендия тағайындап, үздік үш студентке ұсынуды ұйғардық. Болашақта журналшы болуға ынталы 1 курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3 курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожекеев туралы жазылған жинақты қоса ұстаттық, - дейді ҚазҰУ-ның түлегі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай facebookтегі парақшасында.

Темірбек Қожакеевтің қазақ баспасөзінде алар орны өзгеше. Бұл туралы атақты академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес серігін «Мықшегеге» теңесе, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қайталанбас «Нартұлға» санайды, кешегі шәкірті, бүгінгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Дарабоз декан» дейді екен.

Темірбек Қожекеев атындағы аудиторияда студенттермен, ұстаздармен кездескен қонақтар келешегін журналистикамен байланыстырған жас буынға әсерлі естеліктер айтып берді. Бүгінде қазақ телевизиясының мақтанышына айналған Бейсен Құранбек Темкеңнің қатал талабының арқасында қалай сабаққа дайындалғанын, «қойған 3-і 5-ке татитын» қызығын тілге тиек етті.

Ұстазға құрметтің озық үлгісін көрсеткен түлектер жақында ғана асқаралы 60 жасқа толған ұлтжанды азамат, журфактың қазіргі деканы Сағатбек Медеубекұлы мен сол жылдары кафедра меңгерушісі болған Бауыржан Жақыпқа шапан жапты. Кезінде өздері дәріс алған аудиторияларды аралап, факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Әсіресе Сағатхан Әшімбаев атындағы сыныптың өзгеше өрнекпен жабдықталғанына риза болып, журфак басшылығының қарым-қабілетіне, іскерлігіне сүйсінгендіктерін жасыра алмады.

Кездесу кешінің соңында ақпарат қазанының қайнауы басылмайтын Шымкент өңіріндегі журналистердің көшін бастап жүрген Айгүл Қапбарова 20 жылдық басқосуға жиналған 20-дан аса курстастың әрбіріне лайықты номинациямен диплом табыстап, жеке-жеке сыйлық ұсынды.

Осылайша, мән-маңызы басқа да университет түлектеріне үлгі-өнеге боларлық кездесу журналистика факультетінің үш студентінің үмітін үрлей түсті.