Өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде: қоғамдық орындардың жұмысы тоқталады.
ERNUR.KZ. Өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде қоғамдық орындардың жұмысы тоқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«КВИ сырқаттанушылығының өсуін ескере отырып, кеше, 18 маусымдағы ВАК шешімімен Нұр-Сұлтан және Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында алдағы демалыс күндері карантинді күшейтудің қосымша шаралары қабылданды. Атап айтқанда 20-21 маусымда: сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі тоқтатылады; қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада көше форматында ғана рұқсат етіледі; қоғамдық көліктің жұмысы шектеледі; фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады; 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі», - деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жоғарыда аталған қалаларға жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады.
Сондай-ақ, өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде: қоғамдық орындардың жұмысы тоқталады; туристік аймақтарда тұратын адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылады; 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі«, - деді Ләззат Ақтаева.