Атырауда нан бағасы бір күнде 100 теңгеден 115-ке бір-ақ өскен.
иллюстрациялық фото
Атырауда нан қымбаттады. Ас атасының бағасы бір күнде 100 теңгеден 115-ке бір-ақ өскен. Ал Қарағанды облысында бір бөлке нан 120 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Бағаның бұлай шарықтауына ұнның күрт қымбаттауы себеп дейді сарапшылар.
Тіпті алдағы уақытта нан бағасы екі есе қымбаттайды деген болжам бар. Ал қарапайым халық күнде құбылатын баға қалтамызға салмақ салады деп ашулы.
Наталья Маханова 20 жылдан бері нан сатумен айналысады. Орталық базардың бір бұрышын жалға алатын сатушы жақын күндері кәсібін тоқтатпақшы. Өйткені нанның бағасы өскен сайын, көретін пайдамыз да мардымсыз болып барады дейді.
«Бізге де ыңғайсыз. Үлкен кісілер алмай кетеді. Міне, бағасын жазып қойдық. Олар өзіміз көтердік деп ойлайды. Бірақ үлкен кісілерге өте қиын. Сауда мүлдем жоқ! Тіпті 50 нан сата алмаймыз. Біз тек наннан 5 теңге пайда көреміз. 50 нан сатсақ, 250 теңге пайда. Ол не болады?! Таңертеңнен кешке дейін тұрамыз», - деді Атырау қаласының тұрғыны Наталья Маханова.
Атырауда әлеуметтік нанның көтерме саудадағы бағасы 105, бөлшек саудада 115 теңгеге жетті. Ал қарапайым халық 100 теңгенің өзін қымбатсынып отыр.
Ал жергілікті әкімдік нанның тек шекті бағасын ұстап тұра аламыз деп қол қусырып отыр. Сондықтан қазіргі баға белгілі межеден асқан жоқ дейді атқамінерлер.
«Нан бағасының өзіндік құнының артуына байланысты енді көтеруге мәжбүр болып отыр. Бірақ біздің шекті бағадан асып отырған жоқ. Бір келісі 193 теңге, көтерме саудада. Бөлшек баға 180 теңге», - деді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Ауыл шаруашылығы басқармасы жақын күндері азық-түлік корпорациясы арқылы қосымша 1000 тонна бидай келеді деп уәде етті. Ал келесі жылға министрлікке сұраныс жіберіп, 25 мың тонна бидай қажеттігін қаперлеріне салған. Алайда қарапайым халық та, наубайхана қожайындары да енді нан бағасы тұрақталады немесе төмендейді дегенге сенбейді.
Ал сарапшылар келесі жылы нан екі есе қымбаттайды деп болжам жасап отыр. Тіпті «Азық-түлік корпорациясы» арқылы берілген қосымша бидайдың да жетпей қалатынын алға тартады. Сондықтан қамбаны қазірден бастап бидайға толтырмасақ, келесі жылы жағдай тіпті қиындай түспек.