Киік атуға мораторий ұзартылмайды – комитет өкілі

0
1 585

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті киік атуға мораторий мерзімін 2024 жылға созбауды ұйғарып отыр.


Киік атуға мораторий ұзартылмайды – комитет өкілі

ERNUR.KZ. Бұл туралы аталған комитет төрағасының орынбасары Андрей Ким Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Көктемде әуеден жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша, Орал популяциясындағы киіктердің саны 1 млн 130 мыңға жетті. Жалпы Қазақстандағы киік саны 1 млн 915 мың болады. Болжам бойынша, жыл аяғына дейін 2,6 млн басқа жетуі мүмкін. Киіктің саны көп болса, ауыл шаруашылығы жануарларларының жайылымы мен суатына ортақтасады, егісті зақымдайды. Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында осыған байланысты әлеуметтік жағдай байқалып келеді, - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ ол бұл мәселені халықаралық сарапшылар да зерттегенін атап өтті.

Бұған дейін киік санын қолдан реттеуге мораторий қолданылып келді. Келер жылы сол мораторийді созудың қажеті жоқ деп есептейміз. Киік саны қалпына келтірілді. Әлемдегі киіктің 98% - Қазақстанда. Бұл туралы аз айтылады. Керісінше, киікті құртқалы жатыр деген әңгіме көп. Халықаралық сарапшылар келіп, Монғолия, Ресей, Қазақстан аумағында ғана қалған жануарлардың көрсеткіші бойынша біздің ел аса жоғары нәтижеге қол жеткізгенін көрді. Бұлар мамонттармен бір дәуірде өмір сүрген. Кезінде Еуропа мен Азияға түгел тараған. Қазір тек Қазақстан аумағында шоғырланып отыр, - деді Андрей Ким.