Кісі қолынан өлген Сайлыбаеваның енесінің қайда жүргені анықталды – Германия прокуратурасы

0
217

Азаптап өлтірілген экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті Германиядан табылған болатын.


Кісі қолынан өлген Сайлыбаеваның енесінің қайда жүргені анықталды – Германия прокуратурасы

Фото: Қанат Сайлыбаевтың жеке архивінен

ERNUR.KZ. Тергеу амалдары барысында қайтыс болған Айгүл Сайлыбаеваның енесі шетелде жүргені анықталды. Осы орайда Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі өмірі қиылған жерлесіміздің ісіне қатысты ақпарат алу үшін Германия прокуратурасына сауал жолдады, деп жазады inform.kz.

«Тергеу амалдары жалғасып жатыр және қосымша айғақтарға талдау жасау қажет. Бұл ретте, қазір тергеу аяқталмайды. Сонымен қатар, қамауға алынған күдіктілер жоқ. Марқұмның (А. Сайлыбаеваның) енесі қазір шетелде болуы мүмкін деген мәлімет бар. Күйеуі мен баласының қайда жүргенін анықтау тергеу амалдарында қарастырылмаған, сондықтан біз бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймыз», - деп атап өтілген прокуратура өкілі Йенс Нойбауэрдің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Еске сала кетейік, азаптап өлтірілген экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті Германиядан табылған болатын.

Бұрынғы судьяның жоғалғанын оның інісі Қанат Сайлыбаев хабарлаған еді.

Артынша неміс полициясы ҚР азаматы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты түсінік берді.

Бұған дейін 40 жастағы А.Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарса, соңғы уақытта Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.

4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды.

Немістің BILD басылымының хабарлауынша, әйелдің мәйіті полиэтилен қапқа салынған, өлім алдында азап көрген. Айгүл Сайлыбаеваның қолынан, мойнынан және бетінен пышақ жарақаты табылды.

А.Сайлыбаевамен бір мезгілде Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан үйіне алып келген. Содан бері оны ешкім көрмеген.

Германияда көз жұмған экс-судья Айгүл Сайлыбаева Алматыда арулап жерленді.

Биыл қыркүйек айының ортасында кісі қолынан өлген Айгүл Сайлыбаеваның енесі табылмай жатқаны хабарланған еді.