Кітап оқыған адам ҰРЛЫҚ ТА, ҚЫЛМЫС ТА ЖАСАМАЙДЫ – Жанат ШАРДАРБЕКОВА

0
1 097

Бүгін «Кітапханашылар күні»!


Кітап оқыған адам ҰРЛЫҚ ТА, ҚЫЛМЫС ТА ЖАСАМАЙДЫ – Жанат ШАРДАРБЕКОВА

Бүгін, адамзат пен рухани азық арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, алтын қорды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін кітапханашылардың кәсіби мерекесі. Нақытысын айтсақ, «24 қазан – Кітапханашылар күні». Осы ретте, ҚР мәдениет және ақпарат минситрі Аида Балаева да сала мамандарын мерекемен құттықтап: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек» деп атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздерге үлкен үміт артып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына ерекше назар аударады. Бұған кәсіби мереке, өткен жылы Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен бекітілген Кітапханашылар күні дәлел бола алады. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Олардың штатында 25 мыңнан астам адам бар, кітап қоры 328 миллион данадан асты. Кітапхана қызметтерін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Әрине, барлық жетістіктерге кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында қолжеткізілді», - деген болатын. Ал, біз бұл саланың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованы сөзге тарттық. Осылайша, ойлы оқырманға сол сұбатымызды ұсынып отырмыз.


– Жанат Сәдібекқызы, сөзді кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.


– Кітапхананың кітаптан кейінгі байлығы – оқырман. Сондықтан біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміз сол оқырман мен кітап арасындағы қарым-қатынасты орнату жұмыстарымен тікелей байланысты. Тиісінше біз бұл миссиямызды дұрыс орындап келе жатырмыз деп айта аламын. Нәтижесінде күннен-күнге оқырмандар саны да, кітапханамен танысатын туристер қатары да артып келеді. Мәселен, өткен аптада біздің кітапханамызға Моңғолия және Канада елдері мен еліміздің Батыс аймағынан көптеген қонақ келді. Жалпы, біздің қонақтарымызды қатты қызықтыратын дүниелер – сирек қор, оқырман үшін қызмет атқаратын FabLab зертханасы, «Атадан мұра» үйірмесі және 1909 жылы американдық орындаушылар орындап, әлемдге танылған «Түркістан джаз» әнінің пластинкасы. Жалпы, біздің кітапхана кітап және кітап оқуды насихаттап қана қоймай, көптеген ақын-жазушылармен кездесулер, тағлымды іс-шаралар да ұйымдастырып жатыр.


Сіз басқарып отырған облыстық кітапхана биыл қандай жұмыстар атқарды? Атап өтіңізші.


– Онда кеңінен әңгімелейін. Жалпы, қазір Түркістан облысы бойынша 396 кітапхана жұмыс істейді. Оның біреуі әмбебап ғылыми, тағы біреуі облыстық балалар кітапханасы, 15-і аудандық, 6-ы қалалық, 13-і аудандық балалар, 6-ы қалалық балалар, 2-і ауылдық балалар және 333-і ауылдық кітапханалар. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының жалпы кітап қоры – 345 258 дана кітапқа жетті. 2023 жылдың І жарты жылдығында облысқа қарасты кітапханалардың жалпы қоры 6 085 696-ны құраған. Цифрлы форматқа көшірілгені – 3204. Мемлекеттік тілдегі кітап саны – 3 475 494. Биыл облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай, «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» атты жоба өткізіп, бес өңірге рухани көш жасадық.Жоба аясында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы да ұйымдастырылып, ақын-жазушылар өңір кітапханаларына кітап сыйлады. Сондай-ақ, биыл «Кітап Travel – 2023 Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» акциясы, «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» атты балаларға арналған акция-байқау, «Open Library – 2023» кітапханадағы ашық есік күні, «Жылдың үздік жас кітапханашысы – 2023» республикалық байқауы, «Жас кітапханашы – 2023» облыстық семинар-форумы, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» бағыттары бойынша іс-шаралар өтіп, мемлекеттік бағдарламалар жоспарын орындадық. Тиісінше, Республика көлемінде биыл екінші рет ұйымдастырылған «Кітап Time – 2023» фестиваліне қатысып, үздік атандық. Осылайша, біз кітапхана саласын да, өзімізді де дамыту үстіндеміз.

– Қазір кітапхана саласы қалай дамып жатыр?


– Негізі қазір кітапхана саласы өз уақытымен әрі бірқалыпты дамып келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бүгінгі кітапханалардың жай-күйі әлдеқайда жақсы. Оның ішінде кітап қоры сапалы әрі қазақ тіліндегі кітаптармен толығып жатыр. Сонымен қатар, әлемдік бестселлер кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқасы да біздің сөремізден табылуда. Бұл да кітапханалардың ілгерілеп жатқанын көрсетеді. Оған қоса, қазір кітапханамызда оқушы немесе студенттерден бөлек, көркем әдебиетке көз тастайтындар да көбеюде. Жасөспірімдер мен қарттардың кітапханаға жиі бас сұғатына қарап, өз жұмысымызға оң баға береміз.


– Жергілікті биліктің кітапханашыларға деген көзқарасы қалай?


Атап айтар болсам, облыс әкімдігі мен мәдениет және туризм басқармасы біздің әр бастамамызға қолдау көрсетіп отырады. Тиісінше билік пен кітапхана бірлесіп, түрлі жобаларды жолға қоюдамыз. Мәселен, мәдениет және туризм басқармасы және Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалымен бірлесіп қолға алған соңғы жобамыз – «Түркістан таланттары» деп аталады. Бұл тұрғыда өңірден шыққан ақын-жазушыларды ауыл азаматтарына таныстыру үшін кездесу кештерін ұйымдастырамыз. Тағы бір айта кетерлік дүние – жыл басында облыс әкімі орынбасарының бастамасымен «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап», «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» акциясы да сәтті іске асырылған болатын. Тіпті әкім орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Астанадағы әдеби сапар аясында ақын-жазушылармен өткен кездесуді өзі жүргізіп отырды. Бұл бізге деген сенім десек болатындай. Одан бөлек, жуырда ғана облыс әкімдігінде ашық кітапхана ашылды. Сайып келгенде, мұның барлығы жергілікті биліктің бізге деген көзқарасы дұрыс екенін аңғартады.

– Кітапхана бүгінгі қоғамға қандай оң әсерін тигізе алады?


Егер адам кітап оқитын болса, одан ұрлық немесе қылмыс жасау сынды оғаш қылықтар шығады деп ойламаймын. Кітапханадағы бір іс-шараға қатысқандардың өзі айтылған дүниелердің 10 пайызын санасына сіңіретін болса, соның өзі бізге жетістік. Тіпті, мекеме ішін жәй ғана аралаған адам маңдайшаларға жазылған нақыл сөздерден де ғибрат алады деп сенемін. Сосын, олар екінші рет келіп кітап оқыса, үшінші рет келгенде кітапты үйіне әкетіп оқып жатады. Біз осылайша қоғамның рухани тұрғыдан баюына ықпал жасап жүрміз деп үміттенемін. Сондай-ақ, балалар кітапханасы жасөспірімдердің талғамын қалыптастырып, дұрыс бағытта тәрбиеленуіне атсалысып келеді.


– Енді бүгінгі кәсіби мерекенің маңызына тоқталыңызшы.


– Бір күннің «Кітапханашылар күні» деп белгіленуінің өзі кітапхана қызметкерлерінің қоғамда өзіндік орны бар екенін аңғартады. Бір кездер болды, жоғары оқу орындарындағы кітапханаға қатысты мамандықтарды қысқартып жатқан. Ал, қазір керісінше, бұл салаға келіп жатқан жас мамандар өте көп. Яғни, осы мереке жас мамандарды жігерлендіріп, барша кітапханашылардың тынысын ашуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Әрі мемлекет тарапынан кітапханашылар еңбегінің бағалануына ықпал етеді.


– Әңгімеңізге рахмет!


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ