20 шілде күні сағат 07:20 дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлердегі алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта әкімдік тарапынан бекітілген арнайы орынға барып офлайн форматта құрбан шалады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар карантин жағдайына байланысты офлайн форматта құрбан шалушылар бірқатар ережелерді ескеру керектігін алға тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚМБД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«20 шілде күні сағат 07:20 дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлердегі алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта әкімдік тарапынан бекітілген арнайы орынға барып офлайн форматта құрбан шалады. Әрбір адамға 1 сағат уақыт беріледі. Офлайн форматта құрбан шалушы ҚМДБ-ның жауапты тұлғасына «ASHYQ» бағдарламасы арқылы өз статусын көрсету қажет. Құрбан шалу «жасыл» және «көк» түстердегі тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. «Қызыл» және «сары» түстердегі тұлғаларға рұқсат етілмейді. Бұл – карантин жағдайындағы ескеруіміз міндетті талап» деді Ершат қажы Оңғар.
Сондай-ақ наиб мүфти құрбан шалушыларға қасапханаларда тазалыққа мән беріп, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін айтты.
«Құрбандық малын сойдыруға, сатып алуға, сату, оны сою кезінде санитарлық талаптар, тазалық жағына мән беруге шақырамыз. Дінімізде тазалықтың маңызы жоғары. Қасапханаға маска тағып, арақашықтық сақтап, дене қызуы бар адамдардың жақындауына жол бермеуіміз керек. Жасы 65-тен асқан қариялар, әйелдер мен балалар құрбан шалатын орындарға бармағаны абзал»,- деді ҚМДБ Төрағасының орынбасары.