Көк Ту көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды: Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

0
604

Өз кезегінде бұл жоспар елін сүйетін, ел рәміздерін құрметтейтін азаматтар қатарын қалыңдата түседі деп сенеміз.


Көк Ту көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды: Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Барша қазақстандық білетіндей, бүгін 32 жылдан бері атап өтілетін «Мемлекеттік рәміздер күні». Осы ретте 1992 жыл басталған кезде мемлекет билігі арнайы жұмысшылар командасы мен арнайы шығармашылық комиссиясын құрып, елімізді бүкіл әлемге танытатын басты үш рәміз – Ту, Елтаңба мен Әнұранды әзірлеуге кіріскенін айта кету керек. Бұл сұрыптау жұмыстарын дүйім қазаққа белгілі қайраткерлер жүргізген болатын. Бұл ретте Мемлекеттік Ту конкурсына алты жүз адамнан мың екі жүзден аса, Елтаңба бойынша 250-ге жуық, ал Әнұран бойынша жеті жүз елу нұсқа ұсынылыпты. Солардың арасынан дараланып, Ту авторыатанған Низбеков Шәкен, Елтаңба авторы болған Мәлібеков Жандарбек пен Уәлиханов Шота есімдері елдің есінен кетпестей болып сақталып қалды. Ал, еліміздің алғашқы әнұранының авторлары сазгерлер – Төлебаев Мұқан, Брусиловский Евгений мен Хамиди Латиф болса, сөз зергерлерінің арасынан Әлімбаев Мұзафар, Қадыр Мырзалиев, Молдағалиев Тұманбай мен Дәрібаева Жадыра топ жарған болатын. Дегенмен осыдан 18 жыл бұрын еліміздің Әнұраны ауысып, сонау 1950-60 жылдары Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің тандемінен туған, кейіннен мәтінін бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеген «Менің Қазақстаным» әні бекітілді. Ал, бір жылдан кейін 4 маусым күні қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес, жыл сайын осы датада «Мемлекеттік рәміздер күні» мерекесі тойланатын болып шешілді.


Жалпы, еліміздің Мемлекеттік Нышандарына қатысты өзгеріс өте сирек орын алады десек, қателеспейміз. Дегенмен, биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтай барысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің жаңа Елтаңбасын әзірлеу бойынша ашық конкурс өтетінін айтып, елді елең еткізген. Президенттің айтуынша, қазіргі Елтаңбада Кеңес үкіметінің нышандары болғандықтан, оқта-текте сын айтылып жатады екен. Оның үстіне Елтаңбаның сәулеттік құрылысы тым күрделі көрінеді. Мұны қоғам белсенділері де, сала мамандары да айтады екен. Сондықтан бұл пікірлер де назардан тыс қалмауы керек. Бірақ ашық конкурсқа дейін, комиссия жұмысы жүргізілмек.


Хош, сонымен жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін айтулы күн бұл жолы қалай мерекеленді, соған бір шолу жасап өтейік. Жалпы, қандай да бір мемлекеттік маңызы басым мерекеге келген кезде алдымен елордаға назараударатынымыз белгілі. Сәйкесінше, бүгін бас қалада мерекеге орай көптеген іс-шара өткізілді. Мәселен, Қаламгерлер саябағындағы кітапхана нысанында мемлекеттік рәміздер үшін арнайы кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал, көпшілікке белгілі «Байтерек» нысанының аумағында әскери-музыкалық патриоттық шеруі өткізілді. Одан бөлек, «Арбат» аумағы мен орталық аллеяда арнайы мерекелік акциялар ұйымдастырылып, тұрғындарға жалаушалар үлестіріліп, түрлі зияткерлік ойындар өткізілді. Оған қоса, Отансүйгіштік сезімін арттыратын әндер шеруі мен виртуалды көрме ұсыну жоспарланған. Және де білім және тәрбие беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде, құзіретті органдар мен әлеуметтік желілерде мерекелік іс-шара ұйымдастырылып отыр. Бір айта кетерлігі – ел астанасында бұл бағыттағы іс-шаралар маусым айы кіре салып басталып кеткен. Қаладағы тұрғынүйлердің терезелерінен де көк туымыздың ілініп тұрғанын аңғаруға болады.


Жалпы, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізілді десек қателеспейміз. Бұған ел Президентінің өзі бастамашы болып отыр. Соның ішіндегі ерекше бастамалардың бірі - ту көтеру рәсімі екенін де атап өту керек. Мәселен, жуырда арнайы мәртебеге ие болғалы отырған рухани шаһар – Түркістанда аталған іс-шара ұйымдастырылды. Оған өңір басшысы, халық қалаулылары, мекемелер басшылары, зиялы қауым өкілдері, жастар мен тұрғындар қатысып, мерекемен құттықтаған облыс әкімі мемлекеттің басты нышандарының, Тәуелсіздік пен Отансүйгіштік сезімінің мән-маңызы жайында сөз қозғады. Сонымен бірге автошеру ұйцымдастырылып, ресми рәсім патриоттық әндер шырқалған және рух көтеретін билер орындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Алматы қаласында да салтанатты түрде Мемлекеттік Туды көтеру іс-шарасы өткізілді. Аталған рәсім әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны кешенінде ұйымдастырылған. Оған қала басшылығы, түрлі салада қызмет еткен қайраткерлер, этностар өкілдері мен жастар қатысып, мыңнан астам келуші Әнұранды қосыла шырқады. Мерекелі концерт ұсынылып, мұндай іс-шаралар парктерде, білім беру нысандарында, адам көп жиналатын қоғамдық орындарда жалғасын тапты.


Ал Ақтау қаласында бүгін «көк туымызды жамылған» өзгеше такси іске қосылыпты. Бұл көлікті тізгіндеген азамат адамдарды межелі жерге ақысы жеткізіп, мемлекеттік рәміздер, қайраткер азаматтар, ел тарихына қатысты сұрақтардың жауабын тапқандарға тарту жасайтын көрінеді. Аталмыш идеяны дәл мерекеде іске асырған Исаева Әлия осылайша ел тұрғындарының патриоттық сезімін нығайтуды қалайды. Осы орайда ол көлікке көк тудың суретін салдырып, безендіру үшін бір жарым млн. теңге жұмсапты. Бұл ретте аталған идеяны Маңғыстау өңірінің әкімдігі қолдап, қаржы бөлгенін айта кету керек.

Бүгін Батыс Қазақстан облысынан да ерекше жаңалық тарап, велосипедтеріне жалау орнатып, Әнұранды қосыла орындаған екі жасөспірім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді. Олар Қаратөбе ауданына қарасты Қаратөбе елдімекенінде тұрады. Ақылбек есімді баланың велосипедіне Туды әкесі қондырып берген екен. Әкімдік қызметкері олардың ісіне қызығушылық танытып барып, Әнұранды да орындап берулерін сұраған.

Осы ретте мемлекет билігі қолға алған тағы бір реформаны айта кеткіміз келіп отыр. Ол – «Мемлекеттік рәміздерді қолдану ісін жетілдіру жөніндегі жоспардың» бекітілетіндігі. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісі мүшелерінің сұрағына жауап берген вице-премьер Скляр Романның жауабында баяндалған. Оның мәлімдемесіне сүйенсек, барлық білім беру мекемесіне енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» сәйкес, ендігі кезекте ұйымдар балаларды мемлекеттік рәміздерді құрметтеу тұрғысынан арнайы тәрбиелеуге міндетті. Сәйкесінше, 4 маусым күні барлық білім мекемесінде арнайы патриоттық іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде «Қазақстанның Туын қолда», «Менің Туым – менің мақтаныншым», «Әнұран орындау» сынды акцияларды ұйымдастыру жұмыстары бар. Сонымен қатар жауапты министрлік жергілікті басқару органдарымен тізе қосып, мемлекеттік нышандарды қолдануылуы бойынша тұрақты жиындар ұйымдастыратын болады. Оған қоса, Отансүйгіштік сезімін арттыру және Ту, Елтаңба мен Әнұранды қолдануды дамыту мақсатында 2026 жылға дейінгі ауқымды жоспар дайындалып жатқан көрінеді. Өз кезегінде бұл жоспар елін сүйетін, ел рәміздерін құрметтейтін азаматтар қатарын қалыңдата түседі деп сенеміз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ