Кондукторды қорғаған көлік жүргізушісі пышақталды

0
2 410

Оқиға кеше кешкі сағат 22.00-де болған.


Кондукторды қорғаған көлік жүргізушісі пышақталды

фото ktk.kz

Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушісі кондукторды қорғаймын деп пышақталды. Оқиға кеше кешкі сағат 22.00-де болған. №26 автобус соңғы рейсін жасап келе жатқанда салонға мінген екі жігіт алдымен жолаушыларға тиіскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойымен жүретін №26 қоғамдық көліктің жүргізушісін белгісіз біреулер пышақтап кетті. Кеше кешкі сағат 22.00-де соңғы рейсін жасап келе жатқан автобусқа №11 ықшам ауданы аялдамасынан екі жігіт мінген. Алдымен жолаушылармен жанжалдасып, кейін кондукторға тиіскен.

«Оқиға Әбілқайыр хан даңғылы мен Марат Оспанов көшесінің қиылысында болған. №26 автобусқа №11 шағын ауданнан екі жігіт мінген. Көлікке кіргеннен олар жолаушыларға тиісіп, олардың қалталарын тексере бастаған. Жанжалдасқан. Автобус кондукторы оларға ескерту жасаған. Алайда, жігіттер кондуктормен жанжалдаса бастаған. Кейін Сазды аялдамасында кондуктор олардан көліктен түсуді талап етеді. Олар автобустан шығып, кондукторға шабуыл жасаған. Жанжалға қоғамдық көлік жүргізушісі араласып, кондукторды қорғай бастаған. Кейін екі жолаушы жүргізушінің иығынан төмен пышақ сұғып алған», - дейді «Автопарк» ЖШС-нің өкілі Руслан Жылқаманов.

Оқиғадан кейін шабуылшылар аялдамада тұрған көлікке мініп, қашып кеткен. Автобустағы жолаушылар жедел жәрдем қызметін шақырған. Көлік жүргізушісі Ақтөбе темір жол ауруханасына жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылған. Алған жарақаты ауыр емес. Қоғамдық көліктерге жауапты мекеме басшылары емделуге қажетті материалдық шығындарды мойнына алатынын айтты.

«Қоғамдық көлік жүргізушісі Алтынбек Қисымбетов 30 жаста. Біздің мекемеде 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бұзақылар кондукторды да қатты ұрып тастаған. Автобус жүргізушісі де, кондуктор да арыз түсірді. Қазір бұл іс Сазды полиция бөлімі айналысып жатыр. Бізге мәлім болғандай, бұзақылар қашқан көліктің жүргізушісі ұсталған. Пышақ салған екі адам іздестірілуде. Олардың жазаланғанын қалаймыз, себебі біздің екі қызметкеріміз болмағанда жолаушыларға қауіп төнер еді», - деді Руслан Жылқаманов.