Көпбалалы және жалғызбасты аналар NEET санатына жатқызылды

0
489

Елімізде NEET санатына жататын жастардың деректер базасы қайта қаралды.


Көпбалалы және жалғызбасты аналар NEET санатына жатқызылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері негізінде NEET санатындағы жастардың деректер базасы қайта қалыптастырылды. Ол бойынша аталған санатқа жататындардың 4 тобы бар. Алдымен, жұмыссыз жастар. Яғни оқу орнын бітірген, бірақ жұмыссыз. Осы санатта бас бостандығынан айрылғандар мен мерзімді әскери қызмет өтеп, жұмыссыз жүрген жастар да бар. Екінші топ - еңбекке қабілетті, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар. Үшінші, белсенді емес жастар. Олар алкоголь мен есірткіге тәуелді немесе құмар. Созылмалы аурудан зардап шегіп оңалтудан өтіп жүрген жастар»,- деді Данияр Қадыров ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сонымен қатар аталған тізімде жұмыс іздеуге немесе оқуға талпынбайтын жастар да бар.

«NEET-тің соңғы санатына үй шаруашылығындағы жастар мен әйелдер, сондай-ақ көпбалалы және жалғыз басты аналар кіріп отыр», - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Д. Қадыров жастар санатына кіретіндер саны ұлғаюына байланысты жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізу қарастырылып жатқаны туралы айтқан еді.