Қорғаныс министрлігі ресейлік депутаттардың мәлімдемесі туралы: ондай адамдар қауіпті

0
523

Бұл дақпырт әңгіменің барлығы ойы саяз адамдардың арандатушылық мәлімдемелеріне негізделген және оның шынайы саяси жағдаймен еш байланысы жоқ, дейді генерал-майор Алдабергенов.


Қорғаныс министрлігі ресейлік депутаттардың мәлімдемесі туралы: ондай адамдар қауіпті

ERNUR.KZ. Қазақстан 70/30 тепе-теңдігін сақтай отырып, келісімшарт негізіндегі әскери қызметке басымдық береді. Негізінен келісімшарт түрінде қызмет ететін әскерилерден тұратын армия елдің жауынгерлік әлеуетін қалай қамтамасыз етіп отыр және мерзімді әскери қызмет өзгере ме – қорғаныс министрінің кеңесшісі запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді, деп жазады sputnik.kz.

- Кейбір сарапшылар Қарулы күштер саласындағы адам саны халық санының шамамен 1%-ін құрауы керек деп санайды. Яғни Қазақстан армиясының саны 180 мың әскери қызметшіні құрауы керек. Бұл қағида бүгінде қаншалықты өзекті?

- Қарулы күштер саны әр елде әрқалай. Ол мемлекеттің аумағына, халық санына, елдегі ішкі және сыртқы саяси жағдайға және тағы басқа факторларға юайланысты қалыптасады. Сондықтан қарулы күштер саны халық санының дәл 1%-ін құрауы керек деген тұжырымды әскери мамандар да, мен де негізсіз деп санаймыз.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы күштеріндегі адам саны 70 мыңнан асты. Оны 2,5 есе, яғни 180 мың адамға дейін ұлғайту елдегі қаржы ресурсының шығынын арттыруға алып келеді. Ал жаңа бөлімдер мен құрылымдар үшін сәйкес инфрақұрылым жасақтап, оларды қару-жарақ, әскери техника, оқ-дәрі, барлық қажетті жабдық пен материалдық құралдармен қамтамасыз ету қажеттілігін есепке алсақ, бұл сан бірнеше есе артуы мүмкін. Бұл біздің мемлекеттің экономикасы үшін үлкен ауыртпалық болады деп ойлаймын. Оның үстіне дәл қазір 180 мың адамның қолына қару беріп, соғысқа дайындық күйінде ұстаудың еш қажеттілігі жоқ.

Әрине әскер санын 200 мыңға жеткізіп, қымбат әскери техника сатып алуға болады. Бірақ ондай жағдайда ел экономикасы тек армия үшін жұмыс істеуіне тура келеді. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігін қолдауға тұрғын үй, аурухана, жол, мектеп, балабақша салуға, жұмыс орындарын құруға қажетті қаражатты осы "қару-жарақ жарысына" бағыттау қажет болады. Ал бұл қазір керек пе? Адамзат тарихында осы жарысқа тым үлкен мән беріп, ақырында мемлекеттің құрдымға кеткені жиі болған.

Мобилизациялық дайындық жайында да ұмытпаған жөн. Қажет болған жағдайда біз қысқа мерзімде Қарулы күшті тиісті көлемде жасақтай аламыз. Ал әскери-көлік авиациясы, теміржол және автомобиль жолдары арқылы әскерді елдің кез келген аумағына жеткізе аламыз. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап Қазақстанда Өңірлік қорғаныс жүйесі құрылғанын еске салғым келеді. Өңірлік қорғаныстың әскери бөлімдері мен бөлімшелері елдің барлық облысында орналасқан және қарулы күштер бөлімі болып табылады.

Осының бәрін ескере отырып, қазіргі Қарулы күштер саны біздің елдің экономикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келеді және елдің тәуелсіздігі мен аймақтық бүтіндігін қорғау бойынша міндеттерді қамтамасыз ете алады деп санаймын.

- Қоғамда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің борыш өтеу мерзімін арттыру және келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскерилердің орнын мерзімді қызметтегі әскерилермен алмастыру туралы мәселе жиі туындайды.

- Өздеріңіз білетіндей, Қарулы күштердегі әскерге шақыру бойынша келген әскерилердің қызмет мерзімі 1 жылды құрайды. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудағы басты мақсат елдің оқу-жаттығудан өткен мобилизациялық резервін дайындау болып саналады. Яғни азамат борышын өтеу кезінде әскери істің басты негізгі мәселелерімен танысып, қару ұстауды, әскери техниканы басқаруды үйреніп, әскери-есептік мамандықты игереді.

Мобилизациялық резервтің қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта біз әскери қызметке шамамен 35 мың адамды шақыртып отырмыз (әрбір жарты жыл сайын шамамен 17,5 мың адам). Яғни бір уақытта 35 мың сарбаз әскери міндетін өтейді. Бұл Қазақстанның Ұлттық гвардиясын, ҰҚК Шекара қызметін және төтенше жағдайлар министрлігін қоса есептегенде.

Егер әскери қызмет мерзімін 1,5 жылға дейін ұлғайтсақ, онда сарбаз саны да бір жарым есе артады. Ал бұл мақсатқа сай емес шығынға айналады. Ал мерзімді ұзартып, бірақ сарбаз санын осы күйде қалдырсақ, онда әскерге мейлінше аз адам шақыруға тура келеді. Нәтижесінде әскери саладаға дайындықтан өткендер саны да азаяды. Бұл еліміздің мобилизациялық мүмкіндігін төмендетеді. 12 айға созылатын мерзімді әскери қызмет апробациядан өтіп қойған. Сондықтан оның мерзімін ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

Енді жеке құрамның негізгі бөлігін мерзімді қызметтегі әскерилер құрайтын жүйеге қайта оралуға қатысты айтсам, армияны жасақтауда 70%-і келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскерилер және 30%-і мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар көрсеткішіндегі пропорцияның тиімді екені туралы шешімге бұрын келіп қойғанбыз.

Мерзімді қызметтегі әскерилер көбіне арнайы білімді қажет етпейтін және күрделі техникамен немесе жоғары қауіппен байланысты емес атқыш, пулеметші, граната лақтырушы секілді қызметке тағайындалады. Ол мамандықтарды игеруге бір жылдан ұзақ мерзім қажет болмайды және негізгі әскери қабілет пен дағдыны қажет етеді. Ең күрделі және жауапты міндеттер келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерге тапсырылады. Олар 2001 жылы Тоқырау мен 2019 жылы Арыстағы жарылыс салдарын жою кезінде, Ирак, Ливандағы бітімгерлік миссиялары, бірқатар оқу-жаттығу кезінде өздерінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді. Келісімшарт бойынша қызметтегі әскери қызметшілер күрделі техниканы басқара алады, оны соғыс кезінде қолданып, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды және олардың қолындағы техниканың істен шығуы сирек кезедеседі.

Сонымен қатар жарты жыл ғана әскерде болған 18-20 жастағы жас жігіттің кәсібилігін 30 жылдық тәжірибесі бар әскери қызметшімен қалай салыстыруға болады? Соңғы уақыттағы қарулы қақтығыстарды мысал етіп, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің соғыс жағдайында сенімді әрекет ете алатынын көз жеткізсеңіздер болады.

Әрине мерзімді қызметтегі әскери мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскеридің шығыны екі түрлі. Алайда ол кейбіреулер көрсеткендей соншалықты үлкен емес. Бізде жалдамалы армия емес екенін де ұмытпайық. Келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскерилердің барлығы біздің елдің азаматы. Мемлекет олар үшін төлеп отырған ақша ел экономикасында айналымда жүр.

- Жақында ғана кейбір ресейлік депутаттар Қазақстанның солтүстігіндегі территорияға қатысты қоғамда наразылық тудырған даулы мәлімдеме жасады. Бұл екі елдің әскери саладағы ынтымақтастығына әсер етті ме?

- Біріншіден, Қазақстан мен Ресей – стратегиялық одақтас. Көпғасырлық ортақ тарих, экономикалық және мәдени байланыс, әскери дәстүр, ортақ жетістіктер мен қайғылы оқиғалар бар.

Екіншіден, 2020 жылдың қазанында Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастық туралы жаңартылған келісімшартқа қол қойды. Бұл елдер арасындағы өзара әрекеттестіктің кең спектрін айқындап тұр. Келісімшарт бітімгершілік қызметті, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара әрекеттестікті, өңірлік қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне қарсы тұру және спортты қамтитын жаңа бағыттармен толықтырылды.

Үшіншіден, Қазақстан да, Ресей де, тараптардың ықтимал қақтығысы мәселесін қарастырмайды және қарулы қақтығысқа алып келуі мүмкін қандай да бір текетірес жоқ.

Қазақстан мен Ресей арасында жанжал туындауының ықтималдылығына қатысты әлгі дақпырт әңгіменің барлығы ойы саяз адамдардың арандатушылық мәлімдемелеріне негізделген және оның шынайы саяси жағдаймен еш байланысы жоқ. Бәлкім бұл адамдардың дүниетанымында бейбітшілік, халықтар достығы, ынтымақтастық сынды құндылықтар жоқ шығар. Есесіне аталған құндылықтардың орнында бір сәттік саяси олжа, бүгінде хайп деп аталатын арсыз танымалдылық бар. Ондай адамдар аса қауіпті. Сондықтан халықтарымыздың арасындағы өзара тату қарым-қатынасқа қауіп төндірмес үшін олардың арандатуына ермеу керекпіз.

- Кейбір "сарапшылар" қазіргі Қарулы күштерді басқару жүйесі тиімсіз және уақыт талабына сәйкес келмейді деп санайды. Сондықтан олар, мысалы, барлық әскери құрылымның жұмысын үйлестіретін Штаб басшыларының комитетін құруды ұсынды. Бұл ұсыныс қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

- Біріншіден, қазір кез келген мәселе бойынша "сарапшы" болу сәнге айналды. Мұндай "сарапшылар" өздері еш дәйекпен растай алмайтын негізсіз мәлімдеме жасайды.

Бірақ азаматтық саладағы сарапшылар біршама ақпаратқа ие. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, түрлі блогерлер, тәуелсіз мамандар қоғамдық кеңестердің отырыстарына, азаматтық форумдарға, үкіметтік ұйымдармен кездесулерге қатысады. Ал әскери саладағы жағдай мүлде басқа. Кез келген мемлекетте қарулы күштер, армия ақпараттық кеңістікте барынша жабық құрылым саналады. Сол себепті әлгі "сарапшылардың" қолында толыққанды мәлімет жоқ, олардың әскери саладағы білімі немесе тәжірибесі жоқ. Сәйкесінше заманауи армияны бағалауда қате әрі негізсіз пайымдауларға жол беріліп отыр. Сондықтан оны әркез шын деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Біз әркез диалогқа ашықпыз, қоғамдық ұйымдардың, мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтардың пікіріне назар аударамыз. Бірақ сындарлы диалогты қолдаймыз. Тым дабыра мәлімдемелерге жол жоқ. Сын айтса, оның шешімін де ұсыну қағидасын ұстанамыз және ол ұсыныстар есептерге, тарихи тәжірибеге, заманауи қарулы қақтығыстардың анализіне негізделуі керек.

Ал Штаб басшыларының комитетіне қатысты айтсақ, Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу және дамуының белгілі бір кезеңінде 2003 жылдан 2012 жылға дейін біз әскери басқарудың осы органын құрдық әрі дамыттық. Бірақ бірқатар себепке байланысты Бас штабқа қайта оралдық.

Бүгінде ұлттық қауіпсіздік пен егемендік қаупі кез келген мемлекет үшін кешенді, жан-жақты сипатта қабылданады. Олар тек жоғарыда аталған күш құрылымдарына ғана емес, ақпараттық, экономикалық, экологиялық қауіпсіздікке де, жалпы елдегі тіршіліктің барлық аспектісіне қатысты болуы ықтимал.

Соғыс уақытында Бас штаб Жоғарғы Бас Қолбасшы ордасының қызметін атқарады және Штаб басшылары комитетінің баламасына айналады. Соғыс кезінде Бас штаб барлық Қарулы Күшке, басқа әскер мен әскери құрылымға жетекшілік етеді. Бейбіт уақытта Штаб басшылары комитеті сияқты басқару органының қажеті жоқ. Себебі басқа әскер мен әскери құрылымдар, атап айтсақ Ұлттық гвардия, Шекара қызметі Қарулы Күштермен және елді агрессордан қару-жарақ күшімен қорғауға қатысы жоқ міндеттерді орындайды. Сондықтан күнделікті өмірде олардың қызметін қандай да бір "комитет" үйлестіруінің қажеттілігі жоқ.

Мен атаған барлық ведомствоның күнделікті қызметті реттеп отыратын өз штабы бар. Оған қоса бірлескен бұйрықтар, механизмдер мен өзара әрекеттестік алгоритмдері тағы бар. Өзара іс-қимыл элементтері тұрақты түрде бірлескен оқу-жаттығу кезінде пысықталып келеді. Бейбіт уақытта әрқилы осы әскер мен әскери құрылымның барлығын бір ғана органға бағынышты етіп қоюға болмайды. Себебі олар әртүрлі міндеттерді атқарады. Ал соғыс уақытында олар бір қолбасшылыққа біріктіріледі.

- Штатты оңтайландыруға келсек. Бұл мәселе мемлекеттік органда аса өткір болып отыр. Осы жайлы ел президенті де айтты. Әлеуметтік желіде министрлікте тым көп адам қызмет атқаратыны туралы жазбаны көп кездестіруге болады. Кей дерекке сенсек, қорғаныс министрлігінде 4 адам қызмет жасап отыр және олардың көбісінің атқаратын жұмысы бірдей.

- Сіз атаған көрсеткіш кемінде он есе асыра айтылған дер едім. Себебі қорғаныс министрлігінің штаты 400 адамнан аспайды. Қызметтердің қайталануына қатысты айтсам, 2019 жылы біз мемлекеттік органдардың ішінде бірінші болып министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне функционалдық анализ жүргіздік. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша басшылардың орындаушыларға қатынасы 1:2-ге тең екені анықталды.

Осыған байланысты қорғаныс министрлігінің штатына оңтайландыру жүргізіліп, кейбір бөлімдер мен қызметтер қысқартылды. Нәтижесінде көрсеткіш 7 орындаушыға 1 басшы пропорциясына теңесті. Қорғаныс министрлігі орган ретінде шағын әрі тиімді мекемеге айналды.

- Жыл сайын жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын тапсыру кезінде әскери ЖОО-ны Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылығына қайта бағынысты ету мәселесі қозғалады. Осыған қатысты не айтасыз?

- 2016 жылдан бері әскери оқу орындары Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылығына бағынышты. Құрлықтағы әскердің әскери институты, қорғаныс министрлігінің әскери колледжі Құрлықтағы әскер бас қолбасшылығына, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты сәйкесінше Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшылығына бағынады.

Әскери білім мен ғылым департаменті оқу процесін ұйымдастыру, ұсыныстар мен әдістемелер әзірлеумен айналысады. Ол тәуелсіз орган ретінде тексеру жүргізіп, оқу бағдарламаларының білім беру стандарттары белгілеген әдістемелерге сәйкестігіне бақылау жүргізеді. Ал ЖОО-лар Қарулы күштердің сәйкес түрлерінің бас қолбасшылығына бағынады.

- Кейбір қазақстандық сарапшылар Қазақстан ресейлік әскери техниканы сатып алуды азайтып, НАТО елдерінің өнімдерін сатып алуға көшуі керек деп санайды. Сіз осы мәлімдемеге қатысты не айтасыз?

- Соғыс әрекетіне қатысқан адам ретінде айтарым, жан-жағынан жау ентелеген шақта майданда соғысып жатқан сарбаз үшін қай елдің қаруынан оқ ататыны маңызды емес. Ол үшін әскери техника өзінің және жолдастарының өмірін сақтап қалуы, әскери міндетті орындауын қамтамасыз етуі маңызды.

Ең алдымен қазіргі заманғы сын-қатерді есепке алуымыз керек. Техника мен қару-жарақ белгілі бір талаптарға сәйкес келуі керек. Ол жеке құрамның қауіпсіздігі, әскери қуат, Қазақстанның климаттық және географиялық жағдайына төзімділігі және бейімділігі сынды талаптар. Біз осы талаптарға толық сай болмауы салдарынан өте көп әскери техникадан бас тарттық.

Жалпы біз қажеттілік туындағанда қандай қарумен соғысатынымызды басшылыққа аламыз. Әрбір жауынгер – ол біздің отандасымыз, біреудің баласы, әкесі, ағасы, жолдасы. Сондықтан қару-жарақ мейлінше оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Біз қару-жарақ пен әскери техниканың барлық нарығын зерттеп отырамыз. Бүкіл дерлік ірі қару-жарақ пен техника көрмесіне қатысамыз. Өзіміз үшін қызықты үлгілер мен жаңа техниканы жіті бақылап, танысамыз. Мен ресейлік өндірістің қару-жарағы батыс елдерінің техникасынан еш кем түспейді деп санаймын. Әрине ең алдымен біз отандық өндірушілерге басымдық беріп, қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосамыз.

Алайда экономика тұрғысынан тиімділікті көргенде, батыс өндірушілерінің техникасын да сатып аламыз. Солтүстік Атлантикалық альянс мемлекеттерінің ішінде Қазақстанның әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жетекші серіктестерінің қатарында АҚШ, Франция, Испания және Түркия бар. Осы бағытта Польша және Италиямен байланыс реттелген.

- Соңғы сұрақ. Қыз-келіншектердің де әскери міндет өтеуіне қатысты ойыңыз қандай?

- Қазақстан армиясында әйел әскерилердің үлесі 10%-тен аз. Әйелдер әскерде көбіне байланыстырушы, медицина қызметкері, психолог, іс жүргізуші, қаржы қызметкері, тәрбие құрылымындағы маман ретінде жұмыс істейді. Ол жақта күш пен төзімділік аса қажет те емес.

Олар өз міндеттерін мінсіз атқарып жатқанын айта кету керек. Ұқыптылық, жауапкершілік, қырағылық, шыдамдылық, тәртіптілік секілді қасиеттер оларға тән. Әйелдер командирлері мен қызметтестері үшін масыл емес. Тіпті кей мамандық пен қызметте тиімділігі жағынан ер адамдардан асып түседі.