Коронавируске қарсы шараларға қарамастан түнгі клубтардың жұмысы қызып тұр

0
1 357

Кемі 500 адам жиылатын клубтар түнді таңға ұрып, бейқам жұмыс істеп жатыр.


Коронавируске қарсы шараларға қарамастан түнгі клубтардың жұмысы қызып тұр

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Еліміздегі кинотетрлар жабылды. Бір-екі ай көлемінде жұмыс істемейді. Мешіттерде жұма намазының алдындағы уағыздар да әзірге айтылмайды. Дерт үдеген шақта бір жерде адамдардың шоғырланғаны қауіпті деген болжам бар. Бірақ түнгі клубтар соған қарамастан жұмысын қыз-қыз қайнатып отыр, деп жазады 24.kz.

Қауіп төндіретін коронавирус дендеп бара жатқан соң Мүфтият та сақтық шараларын күшейтті. Ресми мәлімдеме жариялады.

«Жұма намазының алдында айтылатын 30 минуттық уағыз наурыздың жиырмасынан бастап уақытша тоқтатылады» - делінді хабарламада.

«Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандаспайды. Мешітке бетперде киіп келген жөн. Жұма намазына балиғат жасына толмаған балаларды алып келмеген ләзім». Бұл шараларды мүфтият шариғаттағы зәрулік үкімін негізге ала отырып, вирустың жамағат арасында таралмауы үшін қабылдады.

Коронавирустың кесірі орта және шағын бизнес нысындарына тиіп жатыр. Тек бір күннің ішінде «Атамекен» палатасына бизнес өкілдерінен мыңнан аса сауал келіп түскен. Оның 30 проценті орта кәсіптің иелерінен. 60 процентін шағын бизнестің өкілдері жолдапты.

"Халыққа қызмет көрсету саласы туралы айтып кеттім. Әрине олар бірінші мына коронавирусқа байланысты карантин шараларына байланысты бірінші қиыншылық көріп отырған солар. Кешеден бері кинотеатрлар, сауда орталықтарындағы халық көп жиналатын кинотетарларға тоқтау берілді" - дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Жалпы елде 90-ға жуық кинотеатр жұмыс істейді. Олардың бір айдағы жалпы табысы орта есеппен 5 млрд.теңге. Енді осыншама қаражаттан қағылып отырған ондаған кинотеатрдың жұмысы нақты қашанға дейін тоқтап тұрмақ?

"Кинотеатрға ең керегі нақтылық. Ертеңнен бастап жоқ бүрсүгіннен бастап кинотеатрлар жабылу керек. 2-3 аптаға, 1-2 айға? Соны бізге білгеніміз жақсы. Себебі біздің киноиндустрия тек қана соны алдын ала жобалап сүйтіп жұмыс жасайды. Қазір бізге ең керегі сол болып тұр" - дейді кинотеатр директоры Бауыржан Шүкенов.

«Кинотеарлармен қатар сауда орталықтарындағы балаларға арналған ойын-сауық орындарының қызметі де тоқтатылады» - деген хабар тарады.

Ал, адам ең көп шоғырланатын түнгі клубтар ше? Оларға да хабарластық. Клуб өкілдері «әдеттігідей түннен таңға дейін жұмыс істей береміз» -деді.

Жағдай осылай. Мешіттерде сақтық шаралары күшейіп, небәрі бір сағаттық жұма намазында уағыздар қысқартылып жатыр. Көп дегенде 100 адам баратын кинотеатрлар мен балалардың ойын-сауық орталықтары да уақытша жабылуда. Ал, кемі 500 адам жиылатын клубтардың түнді таңға ұрып, бейқам жұмыс істеп жатқандары қалай?

Мұны "Фейсбук" қолданушыларының бірі жазған. «...Шынымен нағыз аурудың шығатын жері де, жұғатын жері де түнгі клубтар, ресторан, барлар ғой. Аяқ басып аттаған, адамдар қаптаған жын-ойнақтың ордасында дұшпаны бар, жауы бар, ауруы бар, сауы бар бүкіл адам сонда жүреді. Көк түтінді қарап алып, қолына шарап алып, танцполды таңға дейін тоздырып, небір ауруды қоздырып кететін жер емес пе?.

Ал қызметтері тоқтаған шағын және орта бизнестің иелері «Атамекен» палатасына хабарласа алады. Карантиннен жұмыс істемей, шығынға батқан кәсіпкерлердің жағдайы алдағы аптада Үкімет деңгейінде қаралмақ.