Коронавирустың екінші толқыны: Үкімет басшысы тапсырма берді

0
605

​Барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 13 миллиард теңгеге сақтандыру қоры құрылды, деді үкімет басшысы.


Коронавирустың екінші толқыны: Үкімет басшысы тапсырма берді

ERNUR.KZ. Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді, деп жазады sputnik.kz.

"Үкімет коронавирустық инфекцияның жаңа кезеңіне дайындық аясында медицина ұйымдарын және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағынан барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттарының тізбесі үш есе немесе 45-тен 137 дәрі-дәрмек түріне дейін ұлғайтылды. Оған қоса, тамыз айынан бастап азаматтарға коронавирустан емделу үшін дәрінің бес түрі тегін беріледі", - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде жеке қорғаныс құралдары мен стационарларға арналған 91 дәрі-дәрмектен тұратын екі айлық республикалық қор жасақталды. Ал дәріханаларда препараттардың тапшылығына жол бермеу мақсатында "СК-Фармация" компаниясы бөлшек сауда желісін толықтыру үшін аса қажетті 33 препаратты сатып алып жатыр.

"Дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар. Барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көлемі 13 миллиард теңгеден асатын сақтандыру қоры құрылды", - деп атап көрсетті Мамин.

Осы орайда үкімет басшысы министрлікке және әкімдіктерге қадағалау шараларын жүргізуді тапсырды.

"Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс. Ал индустрия министрлігі отандық фармацевтика өндірушілерімен қорғаныс құралдары мен медициналық маскалардың өндірісін көбейтуді қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрілік заттарды уақытылы сатып алуды және жеткізуді тапсырамын", - деді Мамин.