Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындық қандай

0
740

COVID -19-ға шалдыққан пациенттерге және COVID-19 індетіне күдікті жағдайда мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйде көрсетіледі.


Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындық қандай

ERNUR.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы Болат Төкежанов қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы 159 млрд теңге бөлінгенін жеткізді, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттеріне өзгерістер енгізілді. COVID -19-ға шалдыққан пациенттерге және COVID-19 індетіне күдікті жағдайда мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйде көрсетіледі. Бұл қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа арналған. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ТМККК пакетінде «байланыста болған адамдарды, бактерия мен вирус тасымалдаушыларды және инфекциялық ауруға күдікті адамдарды оқшаулау бойынша» қызметтер көзделген.

Оның сөзіне қарағанда, бұл өзгерістер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күзде инфекцияның ықтимал жаңа толқыны кезінде өзекті.

«Қазір Қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес бойынша іс-шараларды қаржыландыру үшін 159 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге – 50,5 млрд теңге, эпидемияға қарсы шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақыға - 91,9 млрд теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге – 4,2 млрд теңге, үйдегі стационарда қызмет көрсетуге – 0,4 млрд теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР- ға - 10 млрд теңге, мобильді бригадалардың жұмысына - 2,4 млрд теңге беріледі», - деп нақтылады басқарма төрағасы.

Дәрігерлерге 73,7 млрд теңге үстемақы бөлінді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері мен мамандарға үстемақы төлеуді жалғастыруда. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді.

Белгілі болғандай, тамыз айының қорытындысы бойынша Қор COVID-19, вирустық пневмониямен күреске тартылған 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемақы төлейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, медицина қызметкерлерінің тізімі кеңейді.

Мұнымен қоса, Болат Төкежанов коронавирус инфекциясымен және орташа ауыр, ауыр және аса ауыр пневмониямен ауырып жазылған қазақстандықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өтетінін атап өтті.

Медициналық оңалтуға жолдама реабилитологтың қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі.

«Өте ауыр және ауыр дәрежедегі КВИ немесе пневмониямен ауырған пациенттер тәулік бойы стационар деңгейінде 2 кезеңдегі оңалтуға жатады, кейіннен 3 кезеңге ауыстырылады. Орташа ауыр КВИ/пневмонияға шалдыққан пациенттер тәуліктік стационар деңгейінде, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайда, күндізгі стационарда және амбулаториялық-емханалық деңгейде 3 кезеңдегі оңалтуға жатады. Сондай-ақ, үйде емделіп, медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтарға 3 кезеңді оңалту қарастырылған. Әрине, олар да мультидисциплинарлық команданың тексеруінен өтуі керек», - деді ол.

Төкежанов қазірдің өзінде коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқастарды ерте оңалту ауруханада емделу кезінде «Коронавирус инфекциясы - COVID-19» клиникалық хаттамасының 10-редакциясына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

Жалпы, оңалту қызметтерін көрсету үшін биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 559 жеткізушімен 46,7 млрд теңгеге шарт жасасты. Олардың қатарында 203 жеке медициналық ұйым бар.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бекітілгеннен кейін, Қор коронавирус немесе пневмониядан жазылып шыққан, медициналық оңалтуға мұқтаж сақтандырылған пациенттердің емін қаржыландыруға дайын», - деді басқарма төрағасы.