​Қостанайда 3 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға оңалту орталығы ашылды

0
483

Балалар күніне орай жаңа оңалту орталығы ашылды.


​Қостанайда 3 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға оңалту орталығы ашылды

Қостанайда 3 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ерте араласу орталығы Балаларды қорғау күніне орай ашылды. Өңірде 28 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрса, оның 2,5 мыңы - балалар. Жаңа орталықтың арқасында жыл сайын сал ауруына ұшыраған, невропатия және басқа да патологиялары бар 3 жасқа дейінгі 600 бала кешенді көмекке ие болып, әлі қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды игере немесе дамыта алады.

«Мекеме балаларға әлеуметтенуіне, қажетті оңалту емін алуға, өмірлік қажетті дағдыларды үйренуге және білікті мамандардың көмегін алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда орталықта 46 бала оңалтудан өтуде», - деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Жаңа орталық қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологияларымен, арнайы техникалық құралдармен, тренажерлармен, аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған.

«Ерте араласу орталықтарын құру жобасы ерекше балалардың қатарластарымен салыстырғанда даму алшақтығын азайтуға ықпал етеді және балабақшада, мектепте және одан кейінгі өмірде сәтті бейімделу мүмкіндігін арттырады. Туғаннан үш жасқа дейінгі кезең баланың дамуындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Жалпы, инклюзияны дамыту шеңберінде «Самұрық-Қазына» қолдауымен, оның ішінде серіктестермен бірлесіп бірнеше бағытта 38 оңалту орталығы ашылды», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Орталық Л. Беда көшесі, 23а мекенжайы бойынша облыстық аурухана базасында орналасқан. Орталықта көмек алу үшін тұрғылықты жер бойынша емханаға барып, жолдама алу қажет.

Айта кетейік, ерте араласу орталықтарын ашу жобасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры және «Қазақстан халқына» қоры орталықты материалдық-техникалық жабдықтауды қаржыландырса, «Қамқорлық қоры» қоры барлық жобаны үйлестіріп, мамандарды оқытуды қолға алған. Қостанай облысының әкімдігі болса, инфрақұрылымды таңдау және ғимаратты жөндеуді қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізді.

Бүгінгі таңда 16 ерте араласу орталығы жұмыс істесе, тағы орталықтарды Қызылорда, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында ашу жоспарлануда. Жобаны іске қосқаннан бері 9 мыңнан астам бала көмек алып, олардың 1178-і алғашқы қадамын жасады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қостанайда «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына», «Қамқорлық қоры» қорларының және өңір әкімдігінің қолдауымен 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 200 баланы қабылдауға қауқарлы, аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды.