​Қостанайға 400-ден астам отбасы қоныс аударды

0
1 288

Архимед Мұхамбетов жаппай қоныс аударудың пайдасына тоқталды. Өйткені, жыл сайын жұмыс берушілердің 2 мыңға жуық бос орны толмай қалады.


​Қостанайға 400-ден астам отбасы қоныс аударды

ERNUR.KZ.Қостанай қаласында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кеңес жұмысына ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысты. Алдымен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталуда.

«Өнеркәсіпте нақты көлем индексі - 108,3%, ауыл шаруашылығында - 101,0%, құрылыста - 122,3%, көтерме саудада -132,2%, бөлшек саудада 105,4%-ды құрады. Жалпы ішкі өнім 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 10,3%-ға тең. Дегенмен, сәуір айының соңына дейін бұл көрсеткішті тағы 5%-ға көтереміз деген болжам бар. Себебі, барлық мемлекеттік, үкіметтік бағдарлама жоспарлы түрде игерілуде», - деді аймақ басшысы.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы 2020» және «Еңбек» бағдарламаларының іске асырылуы облыстың еңбек нарығында оң серпін байқатты. 2010 жылмен салыстырғанда жалдамалы қызметкерлер саны 37 мың адамға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 5,3%-дан 4,8%-ға дейін төмендеді.

Архимед Мұхамбетов жаппай қоныс аударудың пайдасына тоқталды. Өйткені, жыл сайын жұмыс берушілердің 2 мыңға жуық бос орны толмай қалады.

«Үкімет осы проблемаларды жою мақсатында Қостанай облысын еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру шеңберінде оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру өңірі деп таныды. Нәтижесінде, жұмыс күші мол өңірлерден 246 отбасы (1135 адам) және 185 оралман отбасы (606 адам) өз еркімен Қостанай облысына қоныс аударды. Оларға тиісті көмек көрсетілді», - деді Архимед Мұхамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда азаматтық алмаған оралмандардың мәртебесін ұзартуға қатысты түсініктеме берген еді.