Еленаның айтуынша, сол күні әпкесі екеуі аула жолымен келе жатқан.
ERNUR.KZ. Қостанайда көпқабатты үйлердің ауласында көлік жүргізушісі жаяу жүргінші қызды жол бермегені үшін соққыға жыққан. Салдарынан 22 жастағы тұрғынның миы шайқалған деген диагноз қойылды, деп жазады stan.kz.
Еленаның айтуынша, сол күні әпкесі екеуі аула жолымен келе жатқан. Көлік артта келе жатып, дыбыс сигналын басқан.
"Әлсіз, алыстан естілетін сигнал болды. Содан кейін олар жанымызға тоқтап бұл көлік үлгісінде сигналдың дыбысы жәй екенін айтты. Сосын кенет мені көлікпен соғып кетті. Аяғымнан әрең тұрдым: "Құлап қалсам, мені басып кетеді" деген ой болды. Сосын жанға қарай секірдім де, машинаға қолымдағы кофені лақтырып жібердім. Жүргізуші айқайлап, бірден бетімнен жұдырығымен ұра бастады", - деді қала тұрғыны.
Оның айтуынша, ер адам төрт рет ұрған. Сосын қыздар оқиға орнынан қашып құтылған. Ал ер адам көлікке отырып, кетіп қалған. Елена полицияға арыз жазғанда да оның байланысқа шықпағанын жеткізді.
Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы мен жарақат алу фактілері тіркелгенін айтты.
"48 жастағы Chevrolet жүргізушісіне қатысты үш әкімшілік іс қозғалды: Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы "Көлік құралдары жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" және 611 "Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) байланысты міндеттерін орындамауы" бабы бойынша.
Екі бөлек сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Агрессивті жүргізушіге қатысты соңғы үкімді әкімшілік сот шығарады", - делінген хабарламада.