Қостанайлық полицейдің әркеті жұртты сүйсінтті (видео)

0
2 465

Ол боранда көліктерге жол көрсетіп жүгірген.


Қостанайлық полицейдің әркеті жұртты сүйсінтті (видео)

ERNUR.KZ. Қостанайлық полицей Амантай Байжанов автокөлік тізбегіне жол көрсету үшін боранда жүгіріп жүрді, деп жазады ҚазАқпарат.

Видео облыстық полиция департаментінің Instagram парақшасында жарияланды.

Кадр сыртындағы жүргізушінің сөзіне сенсек, тәртіп сақшысы қатты жел, қар мен суыққа қарамастан, 10 автокөліктен тұратын автотізбек жолынан адаспай қалаға жетуі үшін аянбай еңбек еткен.

Жалпы полицей жол көрсетем деп шамамен екі шақырымды жүгіріп өткен.


«Көліктің, автотізбектің алдына шығып, қалаға қалай жету керегін көрсетіп жүрген осындай полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Қатты боран соғып тұр! Жол көрінбейді», - дейді ол.


Желі қолданушылары да видеоның астына сүйсініп, пікір қалдырған.


«18-19 ақпан күндері ауа райы нашарлағандықтан облыс аумағында төтенше жағдайды, адамдардың өлімін, үсіп қалуын, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері облыс аумағындағы жолдарды жапты. Елдімекендерден шығуға тыйым салынды» деді өңірдің ПД баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.




Полиция қызметкерлері көріну нашарлап, қар құрсауында қалған көлік жүргізушілеріне көмек көрсетті. Мәселен, 18 ақпанда сағат 17:00-де құрамында Қостанай полиция басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Әмір Шалғымбаев пен полиция лейтенанты Амантай Байжанов бар Қостанай қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қостанай қаласына Федоровка жақтан кіретін Назарбаев көшесі бойындағы автокөліктерді алып жүру жөнінде шешім қабылдады, өйткені қатты бораннан ештеңе көрінбей кеткен еді.


«Полиция лейтенанты Амантай Байжанов патрульдік көліктен шығып, Назарбаев көшесімен «Қостанай плаза» жаққа қарай қозғалып бара жатқан автотізбектің алдына шығып, жүгірген. Жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін автотізбектің соңында белгі беріп патрульдік көлік жүрді» деп пікір білдірді мекеменің баспасөз қызметі.


Бұл - Амантай Байжановтың алғашқы қайсар әрекеті емес екен. 2020 жылдың сәуірінде ол әріптесімен бірге 15 адамды, оның ішінде 5 жасар баланы өрттен аман алып қалған.

Амантай Байжанов полиция органдарында 2014 жылдың қаңтарынан бері қызмет етіп келеді.