Әкімнің айтуынша, АМТ шахталарын жаппайды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі қайғылы оқиға салдарынан 46 кенші қаза тауып, жабылып қалған Костенко атындағы шахтаның қашан ашылатынын айтты, деп жазады Zakon.kz.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты 8 шахтаның бүгіндері төртеуі жұмыс істеп тұрғанын айтты.
"Барлық сегіз шахта жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда 4 шахта толықтай жұмыс істеп тұр, қалғандарында әртүрлі себептерге байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан шахтасында әлі күнге дейін жұмыс жүріп жатыр", - деді ол.
Костенко атындағы шахта қайғылы оқиғаға байланысты қолға алынған тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ашылады. Мамандардың айтуынша, шахтаның жұмысын қалпына келтіру үшін тағы 2-2,5 ай қажет.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, АМТ шахталарын жаппайды.
Сондай-ақ, әкім жаңа инвесторға шахтадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты қаражат салу шарты алға тартылатынын атап өтті.
"Бұл мемлекет тарапынан қойылатын талаптардың бірі болады", - деп сөзін қорытындылады өңір басшысы.